Басты жаңалықтар

«Мектеп формасы 60 мың теңге»: 2026-2027 оқу жылына бір баланы мектепке дайындауға қанша қаражат керек?

Жаңа оқу жылы қарсаңында базарлар мен дүкендерде қарбалас басталды. Мектепке қажет киім-кешек пен оқу құралдарын іздеп сабылып жүрген ата-аналардың қарасы көп. Биыл бір баланы мектепке толық дайындауға қанша қаражат керек? Назерке Ержанқызы әр өңірдегі жағдайды бағамдап көрді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.

Алматыдағы базарлар мен сауда үйлерінде халық өріп жүр. Ата-аналар ұл-қызын жаңа оқу жылына дайындап әлек. Айтуларынша, шығынның негізгі бөлігін киім-кешек құрайды. Мектеп формасының өзіне, шамамен, 60 мың теңге қажет екен. Оған кеңсе тауарлары мен өзге де қажетті заттарды қосқанда, бір балаға кемі 100 мыңнан аса қаражат керек дейді. Бірақ кейбір ата-ана бұдан екі есе көп ақша жұмсапты.

«Қызымды 200 мыңға киіндіремін. Екінші қызымды 200 мыңға. Ұлымды 100 мыңға. 500 мың болды ма? Балабақшаға баратын балаларыма 30-40 мыңнан ақша кетеді. Ол канцтауарды есептемегенде. Канцтауарды әзірге 50 мыңға, айлықтан алып қоямыз. Маусым, шілде айынан бастап дайындаламыз. Осы кезде жазғы демалыстамыз, сол ақшамен балаларымызды киіндіріп жатырмыз», - дейді Алматы қаласының тұрғыны Серік Бегманов.

 
Бір оқушыға тек кеңсе тауарларын алу үшін орта есеппен 20 мың теңге керек екен. Бірақ баға тауарды дүкен, не базардан алғаныңызға байланысты құбылуы мүмкін.

«Базарда келісе аласың. Мысалы, 10 мың теңге деп тұрса, келісіп, 7-8 мыңға түсіртіп аласың. Дүкенде 10 мың ба, 10 мыңға алуың керек. Екеуінде жер мен көктей айырмашылығы бар», - дейді саудагер
Алмас Сатыбалдыұлы.

Қалтасына салмақ түскен кейбір ата-ана тығырықтан шығар жол тапқан. Олар ақша үнемдеу үшін қажет заттарды интернет арқылы іздеуге кірісіпті. Әсіресе қытайлық маркетплейстерде таңдау көп әрі бағасы әлдеқайда арзан.

Мәселен, мұнда ұл балаға арналған костюм небәрі 3 мың теңге тұрады. Ал жалпы оқушыны мектепке бас-аяғы 20 мың теңгеге киіндіруге болады екен. Бірақ сапасы да бағасына сай болуы мүмкін екенін ескерген абзал. Бірақ кейбір ата-анаға таңдау еркі де берілмепті.

Кейбір мектеп формаға қойылатын талапты алдын ала белгілеп, оның түсі мен үлгісін нақтылап қойған. Бір балаға арналған киім құны — 60 мың теңге. Алайда қаланың білім басқармасы мұндай талап қоюға болмайтынын ескертеді.

«Мектептің директорларымен, жауапты мамандармен осы тақырып төңірегінде арнайы жиын өткіздік. Ешқандай мектеп, ешқандай форманы, ешқандай фирмадан, ешқандай дүкеннен ал деуге құқығы жоқ. Жалпы мектеп формасы Алматы қаласының көлемінде қою көк түсті формаға тоқтағанбыз», - дейді Алматы білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев.

 Қарағандыда мектепке дайындық шілде айында-ақ басталған. Тамыздың соңына дейін күтетіндер санаулы ғана. Бастауыш сынып оқушыларына бір киім үлгісін 25 мың теңгеге жинауға болады. Ал жасөспірімге, шамамен, 40 мың теңге кетеді. Саудагерлердің айтуынша, жоғары сыныпта оқитын талғампаз қыздар дүкендерге ең көп табыс әкеледі екен.

«Дайындық кезінде сұранысты үнемі зерттейміз. Әрине, сәнге де қараймыз. Мұнда қыздар өте сәнқой. Олар бәрін ұзақ әрі мұқият таңдайды. Әкелері де, әдетте, қыздарынан ақша аянып қалмайды. Қыздар сәнге көп мән береді. Оларда киімнің түр-түрін таңдауға мүмкіндік бар. Ал ұлдар үшін, әрине, ең бастысы — жайлылық», - дейді Елдар Сапарғалиев, саудагер.

Сайып келгенде ата-аналар баласын қатардан қалдырмау үшін қомақты қаражат жұмсайды. Ал әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан қаржылай көмек қарастырылған.