Оңтүстік Кореяға жұмысқа барғысы келетін қазақстандықтарға ереже түсіндірілді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Оңтүстік Кореяға ресми түрде жұмысқа орналасқысы келетін қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Министрліктің сайтында қазақстандықтар Employment Permit System (EPS) жүйесі аясында Корея Республикасына қалай жұмысқа орналаса алатыны түсіндірілді.
"Практикалық іріктеу Алматы қаласында EPS орталығы ашылғаннан кейін басталады. Осы орталықта кандидаттардың корей тілін қаншалықты білетіні EPS-TOPIK тесті арқылы анықталады. Сонымен қатар олардың кәсіби білімі мен дағдылары бағаланады. Корея Республикасына аттанар алдында жұмысшылар үшін міндетті дайындық та ұйымдастырылады. Іріктеу барысында азаматтың білімі, еңбек өтілі және бар кәсіби сертификаттары ескеріледі", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметіне сүйенсек, Кореяға жұмысқа баруға 18-ден 39 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Бұл ретте азаматтың сотталмаған болуы, Корея Республикасынан бұрын күштеп шығарылмағаны және елге кіруге тыйым салынбағаны ескеріледі. Сондай-ақ Қазақстаннан шетелге шығуына ешқандай шектеу болмауы қажет. Кандидаттар белгіленген талаптарға сай балдық жүйе арқылы бағаланады.
Қажетті талаптарға сай келіп, барлық кезеңнен сәтті өткен азаматтар ресми жұмыс іздеушілер тізіміне енгізіледі. Бұл үшін жарамды төлқұжаттың болуы және медициналық тексеруден өтуі міндетті.
EPS жүйесі бойынша Корея Республикасына жұмысқа қабылданатын Қазақстан азаматтарының саны жыл сайын Корея билігі айқындайтын квотаға сәйкес белгіленеді. Кореяға жұмысқа баратын азамат үшін алдын ала дайындық кезеңі қарастырылған. Ол Алматы қаласындағы EPS орталығында өткізіледі. Дайындық аяқталып, жұмыс визасы рәсімделгеннен кейін азамат Кореядағы жұмыс орнына аттанады.
EPS жүйесі бойынша жұмыс істеу мерзімі үш жылға дейін болуы мүмкін.
Еңбек министрлігі Кореяда жұмыс істеуді жоспарлап отырған азаматтарға тек мемлекеттік органдар мен уәкілетті ұйымдардың ресми ақпаратын пайдалануды ескертеді.
Тіркеудің нақты қашан басталатыны, құжаттарды тапсыру тәртібі, EPS-TOPIK тестін өткізу мерзімі мен тәртібі, сондай-ақ іріктеудің басқа да кезеңдері туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми ресурстарында қосымша жарияланады.