Қоғам

Бас прокуратура Құрылтай сайлауына байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады

Бас прокуратура Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық кезеңінде қандай заңбұзушылықтар анықталғанын мәлімдеп, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бас прокуратураның Telegram-дағы арнасында бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегеновтің үндеуі жарияланды.

Бүгінгі таңда прокуратура органдары сайлау заңнамасын бұзудың 8 фактісін тіркеген, оның ішінде 3 факт – сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салуға және 5 факт – тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізуге байланысты.

"Әкімшілік жауаптылыққа прокурорлар қысқартылған тәртіппен жеті жеке тұлғаны және бір заңды тұлғаны тартты. Олардың барлығы кінәсін мойындады, әрекеттеріне өкінді және онлайн-платформалардағы заңсыз жарияланымдарын жойды", - деді Ерлан Өтегенов.

Ол сайлау алдындағы үгіт 2026 жылғы 22 тамызда, сағат 00:00-де аяқталатынын еске салды. "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңының 32-бабы 1-тармағына сәйкес дауыс беру күні және оның алдындағы күнi кез келген сайлау алдындағы үгiтке тыйым салынады, яғни 2026 жылғы 22 және 23 тамызда.

Кейбір құқықтық шектеулер сақталмаған жағдайда үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде оны жүргізгені үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 102-бабы бойынша әкімшілік жауаптылық туындайды: жеке тұлғаларға – 15, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 25, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Сонымен қатар ол "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заңының ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Оған сәйкес жиналыстарды, митингілерді және пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі, ал демонстрациялар мен шерулер үшін келісу тәртібі көзделген.

"Жоғарыда көрсетілген белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілетін бейбіт жиналыстарды ұйымдастырғаны және оларға қатысқаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-бабы бойынша айтарлықтай мерзімге қамаққа алуға дейінгі жаза көзделген.

Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен ұштасса, қылмыстық жауаптылық туындайды (ҚК-нің 400-бабы).

Масс-медиада жалған мәліметтер мен құқыққа қайшы контенттің таратылуына ерекше назар аударамыз, ол үшін қауіптілік дәрежесіне және келтірілген зиянға қарай Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық та, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы бойынша әкімшілік жаза да көзделген", - деді бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов.