Саясат

Құрылтай сайлауы: бүгін 12,6 миллионнан астам қазақстандық дауыс бере алады

Бүгін Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Дауыс беруге 12 605 788 азаматтың қатысуға құқығы бар. Сайлауға арнап 12 731 847 бюллетень басылған, деп хабарлайды KYN.KZ.

Қазақстандықтар бұрынғы Мәжіліс пен Сенаттың орнына құрылған бір палаталы Парламент – Құрылтайдың депутаттарын таңдайды. Сайлау бюллетеніне жеті саяси партия енгізілген. Сондай-ақ сайлаушы ешбір саяси күшті қолдамаса, «Барлығына қарсымын» деген нұсқаны таңдай алады.

KYN.KZ бүгінгі дауыс беруге қатысты маңызды мәліметтерді жинақтады.

Бюллетеньде партиялар қандай ретпен орналасқан?

Саяси партиялардың бюллетеньдегі кезегі жеребе арқылы анықталған.

Олар:

1. «Әділет» партиясы;
2. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия;
3. Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы;
4. Қазақстанның Халық партиясы;
5. «Ауыл» партиясы;
6. «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы;
7. Respublica партиясы.

Бірде-бір партияны қолдамайтын сайлаушылар «Барлығына қарсымын» деген жолға белгі қоя алады.

Бұл жолғы бюллетеньдердің сыртқы безендірілуі де өзгерген. Оның сыртқы бетінде Қазақстанның Мемлекеттік Елтаңбасы мен Құрылтай сайлауы өтетін күн көрсетілген. Жиектері ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген.

Сайлаудың өтуі үшін қанша адам дауыс беруі керек?

Құрылтай сайлауында дауыс беруге 12 605 788 сайлаушы қатыса алады. Дайындалған бюллетеньдер саны – 12 731 847 дана.

Референдумдағыдай сайлаушылардың кемінде 50 пайызы қатысуы тиіс деген талап Құрылтай сайлауына қойылмайды.

Сайлау қорытындысында партиялар жинаған дауысына қарай депутаттық мандаттарға ие болады. Құрылтайға өту үшін саяси партия 5 пайыздық межеден асуы қажет.

Жеті партия жалпы саны 545 кандидатты ұсынған. Ал бір палаталы Парламентте 145 депутаттық мандат бар. Орындар партиялардың жинаған дауысына қарай бөлінеді.

Салыстыру үшін, 2023 жылғы Парламент сайлауында AMANAT партиясы 53,90 пайыз дауыс жинап, Мәжілістегі 40 мандатқа ие болған. Ал 10,90 пайыз дауыс алған «Ауыл» партиясына 8 орын бұйырған еді. Ол кезде Мәжілісте 98 депутаттық орын болса, Құрылтайда олардың саны 145-ке жетеді.

Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі – 5 жыл.

Кімдер үйден дауыс бере алады?

Заңнамада белгілі бір санаттағы сайлаушыларға учаскеге бармай-ақ дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған.

Олардың қатарында:

* денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне бара алмайтын азаматтар;
* науқас отбасы мүшесіне күтім жасап отырған адамдар;
* сайлау учаскесі құрылмаған елді мекендердің тұрғындары;
* шалғай және қатынауы қиын аумақтарда тұратын азаматтар бар.

Үйден дауыс беру үшін сайлаушы жазбаша өтініш беруі қажет. Учаскелік сайлау комиссиясы мұндай өтінішті дауыс беру күні жергілікті уақыт бойынша сағат 12:00-ден кешіктірмей қабылдайды.

Тасымалданатын дауыс беру жәшігін комиссияның екі мүшесі алып жүреді. Оларға бақылаушылар мен кандидаттардың немесе партиялардың сенім білдірілген өкілдері ілесе алады.

Қандай бюллетень жарамсыз деп танылады?

Дауыс санау кезінде талапқа сай толтырылмаған бюллетеньдер есепке алынбайды.

Атап айтқанда:

* қарындашпен белгі қойылса;
* ешбір нұсқа белгіленбесе;
* комиссия мүшесінің қолы болмаса;
* бірден бірнеше партияға белгі қойылса;
* түзету немесе бұрмалау белгілері байқалса;
* сайлаушының нақты қай нұсқаны таңдағанын анықтау мүмкін болмаса, бюллетень жарамсыз деп танылады.

Сайлау учаскесінде фото және видео түсіруге бола ма?

Сайлау процесін фото немесе видеоға түсіруге бақылаушылар мен аккредиттелген БАҚ өкілдеріне рұқсат етіледі. Бұл ретте сайлау заңнамасының талаптары, дауыс беру құпиясы және азаматтардың құқықтары сақталуы тиіс.

Қандай жағдайда учаскеден шығаруы мүмкін?

Сайлау учаскесіндегі тәртіпке оның төрағасы жауап береді. Заң талаптарын бұзып, дауыс беру процесіне кедергі келтірген адамнан учаскені босату талап етілуі мүмкін.

Сондай-ақ дауыс беру күні сайлау процесіне қатысы жоқ адамдардың учаскеде негізсіз болуына жол берілмейді.

Заң талаптарын бұзған бақылаушылар немесе басқа тұлғалар сайлау комиссиясының жазбаша шешімімен учаскеден шығарылуы мүмкін.

Дауыстар қашан және қалай саналады?

Дауыс беру аяқталғаннан кейін, жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де дауыстарды санау басталады.

Жәшіктер ашылғанға дейін комиссия пайдаланылмаған бюллетеньдерді санап, белгіленген тәртіппен жояды.

Санау кезінде комиссия төрағасы әр бюллетеньді қатысушыларға көрсетіп, онда белгіленген таңдауды жариялайды. Бюллетеньдер әр партия бойынша бөлек жиналады, жарамсыз деп танылғандары да жеке топтастырылады.

Қорытынды мәліметтер хаттамаға енгізіліп, оған сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері қол қояды. Хаттаманың көшірмесі учаскедегі арнайы орынға ілініп, екі күн бойы сонда тұрады.

Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру қорытындыларын белгіленген тәртіп пен мерзімде жариялайды.