Еуропада жойқын дауылдан жүз мыңдаған үй жарықсыз қалды: қаза тапқандар бар
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 09:01
- 30
DW Telegram-арнасының мәліметінше, сенбі және жексенбі күндері Латвия, Литва және Эстония, сондай-ақ Польша мен Беларусь аумағы арқылы "Приска" атты қуатты циклон өтіп, желдің екпіні секундына 30 метрден асқан.
Литваның солтүстік-шығысында, бір адамның үстіне ағаш құлап, қаза тапты. Екіншісі Латвияның Елгава қаласында ғимарат қирандыларының астында қалып опат болды. Көптеген тұрғын құлаған ағаштардан зардап шеккен.
"Латвияда 14 адам медициналық көмекке жүгінді, дәрігерлер ауыр жарақаттар туралы хабарлады. Негізінен адамдар ағаштар мен бұтақтардың, соның ішінде автомобильдердің үстіне құлауынан зардап шеккен. Кейбіреулері көлік ішінде қамалып қалды. Рига әуежайы рейстердің кешігуі мүмкін екенін ескертті", - делінген жарияланымда.
Дауыл электрмен жабдықтау жүйесінде іркілістер тудырды. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Латвияда 250 мыңнан астам, Литвада 150 мыңнан астам, ал Эстонияда 3,5 мыңға жуық үй шаруашылығы жарықсыз қалды. Польшада 145 мыңнан астам үй шаруашылығында электр қуаты болмаған, Беларусьте 650-ден астам елді мекенде іркілістер тіркелген. Сонымен қатар Латвияда көптеген мобильді оператор клиенттерінде байланыс мәселелері туындаған.
Нөсер бірнеше аймақта су тасқынына себеп болып, жол қозғалысының, теміржол қатынасының, сондай-ақ теңіз тасымалының іркілуіне әкеп соқты.



