Алматыда жарық неге жиі өшіріледі?: “Алатау жарық компаниясы“ Алматыдағы жарықтың жиі өшуін түсіндірді
Алматы тұрғындары аудандарда апта сайын жарық өшіп тұратына байланысты әлеуметтік желілерде шағымданды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
"Энергетиктер, кезек сіздерде! Алматы тұрғындарына жарық не себепті жиі өшетінін түсіндіріп беріңіздерші", - деп жазды алматылықтар Тhreads әлеумсеттік желісінде.
Кейбіреулер электр қуатының жоқтығын жабдықтардың әбден тозуымен байланыстыруда.
"Алатау жарық компаниясы" Алматыдағы жарықтың жиі өшуін инвестициялық бағдарлама аясындағы жөндеу жұмыстарымен байланыстырып, оны желілердегі апаттармен шатастырмауды сұрады.
"Электрмен жабдықтауды жоспарлы түрде өшіру қолданыстағы электр қондырғыларында жұмыстарды қауіпсіз жүргізу үшін қажет. Олар кабельдік және әуе электр желілерін, трансформаторлық қосалқы станцияларды, тарату пункттерін, коммутациялық жабдықтарды жөндеу және ауыстыру, сондай-ақ профилактикалық сынақтар мен техникалық диагностика жүргізумен байланысты", - деп нақтылады компаниядағылар.
Алматыдағы жоспарлы жарық өшіру - бұл ең алдымен желілер мен жабдықтарды жөндеу, соның ішінде бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асыру. 2030 жылға дейін компания келесі жұмыстарды атқаруы тиіс:
- 53 шақырым магистральдық электр беру желілерін және 853 шақырым тарату желілерін реконструкциялау;
- жұмыс істеп тұрған жеті трансформаторлық қосалқы станцияны жаңғырту;
- қуаты 110 кВ болатын жаңа қосалқы станция салу.
"Бұл іс-шаралар жекелеген проблемалы учаскелерді бір реттік жөндеуге емес, қаланың алдағы өсімі мен электр жүктемелерін ескере отырып, Алматыны электрмен жабдықтаудың сенімділігін жүйелі түрде арттыруға бағытталған. Жоспарлы жұмыстар көлемінің артуы және тиісті хабарландырулардың көбеюі жүйе жағдайының нашарлағанын білдірмейді, керісінше электр желісі инфрақұрылымын жөндеу және реконструкциялау көлемінің ұлғаюымен байланысты", - деп түсіндірді АЖК өкілдері Алматыда жиілеген жарық өшіру жағдайларын.
Компания өкілдері жөндеу жұмыстары кезінде жоспарлы түрде жарық ажыратылатынын атап өтті.
"Жөндеу және реконструкциялау жұмыстарына байланысты жоспарлы ажыратулар мен технологиялық бұзылу салдарынан болатын апаттық ажыратуларды ажырата білу керек. Компания жариялайтын кестелер негізінен желілерді жөндеу мен жаңғыртуға қажетті жоспарлы жұмыстарды көрсетеді және оларды тікелей апаттық ажыратулар статистикасымен салыстыруға болмайды", - деп сұрады "Алатау жарық компаниясы".
Сондай-ақ, компания апаттардың болуының негізгі себептерін айтты.
"Электр жүктемесінің артуы қоршаған ортаның жоғары температурасымен ұласып, жабдықты пайдалану жағдайын қиындатады және бар жасырын ақаулардың көрінуіне ықпал етеді. Бұл ретте жоғары температураның өзі апаттың тікелей себебі емес. Технологиялық бұзылулардың негізгі себептері - кабельдік және әуе электр беру желілерінің, тарату құрылғылары элементтерінің зақымдануы, оқшаулағыштың табиғи ескіруі, сондай-ақ бөгде ұйымдардың жер жұмыстарын жүргізуі кезіндегі желілердің механикалық зақымдануы", - деп ақталды АЖК.