Түркістан облысында бірнеше адам үйге басып кіріп, әйелді ұрып-соғып, азаптаған
Әлеуметтік желіде Түркістан облысында болған жантүршігерлік оқиға туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Желіде тараған мәліметке сүйенсек, "Леңгір қаласында бетперде таққан бірнеше адам жеке үйге басып кіріп, әйелді таңға дейін ұрып-соғып, азаптаған".
Түркістан облысы Полиция департаменті мәліметінше, Леңгір қаласында шабуыл жасау дерегі бойынша соталды тергеу басталған.
"Алдын ала мәлімет бойынша түнгі уақытта белгісіз адамдар тұрғын үйге кіріп, жәбірленушіге дене жарақатын келтірген және ұялы телефонын алып кеткен. Қазір әйелдің жағдайы тұрақты және оның денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ", - деді полиция.
Полиция күдіктілерді тезірек ұстауға бағытталған тергеу және жедел іздестіру іс-шараларын жүргізіп, барлық жайтты анықтап жатыр.
Тергеу барысы Түркістан облысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында.