Президент: «Қазақстан – барлық салада, әсіресе білімде жоғары нәтиже көрсетіп жүрген дарынды жастары бар ел»
Тоқаев:Биыл біздің оқушыларымыз 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алды.
"Оның 200-ден астамы – алтын медаль. Бұл – аса жоғары жетістік. Әсіресе Халықаралық физика олимпиадасында тамаша өнер көрсеткен оқушыларымызды ерекше атап өткім келеді. Қазақстаннан қатысқан 5 оқушының барлығы алтын медаль иеленіп, жеңімпаз атанды. Бұл – бұрын-соңды болмаған бірегей нәтиже. Біз барлық бағытта осындай жоғары көрсеткіштерге ұмтылуымыз керек. Қазақстан жастарының әлеуеті бұған толық мүмкіндік береді", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүріп жатқан тарихи өзгерістерге де арнайы тоқталды.
– Біртұтас ел, біртұтас халық болып жұмылып, біз ауқымды реформаларды жүзеге асырдық. Жаңа Конституция қабылданды. Еліміздің басты құжатында ғылымға, білімге және инновацияға басымдық берілген. Ең бастысы – жаңа Конституция өскелең ұрпақтың игілігі үшін жазылды. Кеше ғана тарихымызда алғаш рет Құрылтай сайлауы өтті. Бұл сайлау жоғары деңгейде әрі мінсіз ұйымдастырылды десек, артық айтқандық емес. Осы мүмкіндікті пайдаланып, азаматтық белсенділік танытып, жаңғыру стратегиямызды қолдаған барша халқымызға шынайы алғысымды білдіргім келеді. Сайлау кезінде халықаралық өкілдерді қоса алғанда, байқаушылар тобы өте тиімді жұмыс істеді. Оларға зор ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің атқарған ауқымды жұмысы жоғары бағаға лайық, – деді Президент.