Елімізде жаздың соңғы күндері қар жаууы мүмкін
Қазақстанда жаздың соңғы күндері кейбір өңірлерде жаңбыр, найзағай және бұршақ жауады. Ал таулы аймақтарда түнде қар аралас жаңбыр жаууы мүмкін, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қазгидромет болжамына сәйкес, 25-27 тамыз аралығында елдің солтүстігі мен шығысында ауа райы бұзылады. Бұл өңірлерде найзағай ойнап, жаңбыр жауады, кей жерлерде жауын-шашын қатты болуы мүмкін. Бұршақ жауып, дауылды жел соғуы ықтимал.
Еліміздің шығысы мен оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда 26 және 27 тамызға қараған түнде жауын-шашын қар аралас жаңбырға ұласуы мүмкін.
Дегенмен тамыздың соңғы күндері негізінен жылы болады.
Солтүстікте күндіз ауа температурасы +25...+32 градусқа дейін көтеріледі. Орталық және оңтүстік өңірлерде ауа +25...+35 градусқа дейін жылынады.
Шығыста бастапқыда күн салқындау болып, температура +16...+24 градус шамасында болады. Кейін ауа температурасы +20...+31 градусқа дейін көтеріледі.
Елдің батысы мен оңтүстігінде алдағы күндері жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.