Атырау мұнай өңдеу зауытында өрт шықты
Атырау мұнай өңдеу зауытында өрт шықты. Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген фото және видеолар пайда болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
"АМӨЗ" ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 12:35-те жабық типтегі механикалық тазарту қондырғыларының (МТҚ) тұндырғышында өрт тұтанған. Оқиға кезінде нысанда жұмыс жүргізілмеген.
"Тұндырғыш ішіндегі мұнай шламы жанып жатыр. Өртті оқшаулау және жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зардап шеккендер жоқ. Зауыт штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр", – деп хабарлады кәсіпорын.
Атырау мұнай өңдеу зауыты — Қазақстандағы үш негізгі мұнай өңдеу зауытының бірі. Кәсіпорын Ұлы Отан соғысы жылдарында салынып, 1945 жылы пайдалануға берілген. Зауыт акцияларының 99 пайызы "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-ға тиесілі. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы жылына 5,5 миллион тонна мұнайды құрайды.