«Бодимассаж жасайды” дегенді мен жазбадым»: Нұрсұлтан Жақсыген өзіне тағылған айыпқа жауап берді
Әзілкеш әрі актер Нұрсұлтан Жақсыген бұрынғы жұбайымен арадағы дауға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол журналист Руслан Өтепбайдың қойған сұрақтарына жауап беріп, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қазір Алматы облысы Қарасай аудандық сотында Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Оған Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша, яғни онлайн-платформаларды пайдаланып, көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылған.
Нұрсұлтан Жақсыген әлеуметтік желіде даулы жазбалардың өзіне қатысы жоқ екенін айтады. Олардың жалған парақшалар арқылы жарияланғанын алға тартты.
“Сот сараптама жүргізіп жатыр. Қазір менің атымнан көптеген жалған парақша ашылған. “Бодимассаж жасайды” дегенді пікірді мен жазған жоқпын, ол жалған. Мен тек балаларды көрсет деген сынды пікірлер қалдырдым”, – деді актер.
Нұрсұлтан Жақсыген егер сот өзін кінәлі деп таныса, оны әділ деп санамайтынын айтты.
Айта кетсек, Нұрсұлтан Жақсыген қазіргі уақытта үйқамақта. Бұған дейін оның қорғаушысы бұлтартпау шарасын жеңілдетуді сұрағанымен, сот өтінішті қанағаттандырмаған.