Елімізде 2%-дық ипотеканы жеңілдетілген несие ретінде кімдер ала алады
Қазақстанда жылдық мөлшерлемесі 2 және 5%-дық жеңілдетілген ипотека ала алатын азаматтардың тізімі өзгертілді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
2026 жылғы 14 қыркүйекте Өнеркәсіп және құрылыс министрінің Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру қағидаларын бекіту туралы бұйрығына енгізілген түзетулердің кейбір ережелері күшіне енеді.
Қазақстанда жылдық екі пайызбен ипотеканы кімдер ала алады?
Жылдық екі пайыз мөлшерлемесі бойынша жеңілдетілген ипотекалық қарызға үміткер бола алатындардың тізімі:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері.
- Жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер.
- Басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері.
- Жетім балалар мен ата-анасының (ата-анасының біреуінің) қамқорлығысыз қалған балалар.
- Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар.
- Мүгедектігі бар балаларды асырап отырған немесе тәрбиелеп отырған отбасылар.
- Жесір әйелдер (тұл ер адамдар).
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар және көпбалалы отбасылар.
Бұған дейінгі бұйрық редакциясына сәйкес, жылдық мөлшерлемесі 2%-дық ипотекаға тұрғын үйге мұқтаждар ретінде кезекте тұрған және соңғы алты айдағы әр отбасы мүшесіне шаққандағы табысы бес ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын Қазақстан азаматтары мен қандастар үміткер бола алатын. Яғни, бұл жеңілдетілген ипотеканы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың барлығы ала алатын. Олардың қатарында толық емес отбасылар, бюджеттік сала қызметкерлері, апатты үйлерде тұратын азаматтар және басқа да санаттар болды.
Қазақстанда жылдық бес пайызбен ипотеканы кімдер ала алады?
Құжатта бес пайыздық ("5-10-20") ипотека беруге қатысты тармақтың редакциясы да өзгертілді. Бұрынғыдай, есепте тұрған барлық кезектегілер жеңілдікті қарызға үміткер бола алады, бірақ енді отбасының табыс деңгейіне қойылатын талаптар жоқ, бұрын ол талап болатын.
Бұл ретте жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар ("2-10-20", "5-10-20", "7-20-25") бойынша кредит беру кезінде кезекте тұрғандар мен олардың отбасы мүшелерінің Қазақстанда алған еңбек және кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыстары ескеріледі. Құжаттың бұрынғы редакциясында барлық табысы және әлеуметтік, зейнетақы алынып тасталынатын. Енді бұл ескертпелер жоқ.