Саясат

Тоқаев балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салу мәселесі Құрылтайдың алғашқы сессиясында қаралатынын айтты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салу туралы пікір білдірді.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Астанада өткен Тамыз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың психологиялық саулығын сақтау туралы пікір білдірді.

"Әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар, жасанды интеллект пен агрессивті маркетинг балалар дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейді. Өскелең ұрпақтың психологиялық саулығы мен эмоциялық тұрақтылығы, адамгершілік тәрбиесі ұлттық қауіпсіздікке және елдің орнықты дамуына ықпал ететін маңызды факторға айналды. Қазіргі жағдай 2018 жылы қабылдаған "Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы" Заңды қайта қарауды және елеулі өзгерістер енгізуді талап етеді. Үкімет 16 жасқа толмаған пайдаланушыларға әлеуметтік желіде тіркелуге тыйым салатын заң жобасын әзірледі (биыл маусым айында Парламент қарауына ұсынылды). Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында депутаттарға осы мәселені қарастыруды ұсынамын", - деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, көптеген озық елдер осы іспеттес шаралар қабылдады.

"Бізге де балалардың психологиялық жай-күйіне төнген қауіптің салдарымен күресуді доғарып, алдын алатын кез келді деп ойлаймын. Әйтпесе бұл қоғамның тұрақтылығына кері әсерін тигізеді. Үкімет балаларды қорғау мақсатында мазмұнды (контентті) сүзгіден өткізу шараларын қабылдағаны жөн. Белгілі бір, мейлінше объективті себептерге байланысты жауапкершілікті ата-аналарға ғана артып қоя алмаймыз. Сондықтан балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу тәжірибесін жаппай таратуды тапсырамын. Бұл олардың ақпараттық иммунитетін қамтамасыз ете алады", - деді Президент.