Басты жаңалықтар

Қаршадай қызыма туған әкесі қорлық көрсетті: Өскеменде ер адам туған қызын зорлады

Осылай деген өскемендік Айнұр Сүлейменова құзырлы органдардан араша сұрайды. Қазір үш баланың анасы көмек сұраған видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Оның айтуынша, ақпан айында қозғалған қылмыстық іс сиырқұйымшақтанып, созылып кеткен. Ал зар жылаған ана қаршадай қызын дәрігердің тексерісінен де өткізіп қойған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Айнұр Сүлейменованың әділдік талап етіп зар жылаған видео үндеуі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсуде. Оның айтуынша, екі жастан асқан перзенті туған әкесінен қорлық көрген. Ал мұны бүлдіршіннің өзі анасына әкесінің іс-әрекетін жіпке тізгендей баяндап берген көрінеді. Артынша әйел қаршадай қызын дәрігердің қарауына апарған.  

«Ол маған айтқан сәтте, бірден қызымды гинекологқа апардым. Тексергенде, әуретті жері қызарып кеткен. Қабынған жерін екі апта емдедік. Оның қорытындысы бар. Ал қызым маған әкесінің үнемі әуретті жерін ұстағанын айтты», - дейді Айнұр Сүлейменова.

Ал полиция қызметкерлері күдікті әкеге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қазір ол үй қамаққа алынған.

«Күдіктіге заңда белгіленген тәртіппен бұлтартпау шарасы таңдалды. Кейін тергеу сотының қаулысымен бұлтартпау шарасы үйқамаққа өзгертілді.Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған қажет әрекеттер жүргізілуде», - дейді ШҚО, ПД баспасөз қызметі.

Алайда әділдік талап кеткен ана оның ауыр баппен қозғалған қылмыстық істе үйқамаққа алынғанына алаңдаулы. Сондықтан Айнұр Сүлейменова іс жылы жабылып кете ме деп күдіктенеді.