Фельдшер Ұлдана Мырзуан ісі: сотта оқиға орнына барған ТЖ қызметкерлері сөйледі
Ұлдана Мырзуан қаза болған іске қатысты сот отырысында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де куәлік берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ризабек Дайыровтың айтуынша, шақырту сағат 10:29-да медициналық қызметтен түскен. Департамент қызметкерлері оқиға орнына 10:40-та жеткен.
«Шақырту 10:29-да медициналық қызметтен келген. Департамент 10:40-та оқиға орнына жетті. Егер біз медицина қызметкерлерінен бұрын келген болсақ, аумақты қоршап, қауіп сейілгенше ешкімді кіргізбейтін едік. Бұл жолы жедел жәрдем қызметкерлері бізден бұрын барған», – деді Ризабек Даиров.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты №9 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Аян Кемпіров сотта берген жауабында құтқарушылар келген кезде екі адамды қауіпсіз жерге шығарған.
«Құтқарушылар келген кезде екі адамды алып шықтық. Олардың үстінде бір-екі кірпіш жатты. Оқиға орнында кондиционер де болды», – деді Аян Кемпіров.
Осы оқиғадан кейін өзінің қызметі төмендетілген, ал сол кезде бірге жұмыс істеген әріптестерінің бірі басқа қызметке ауысқан, тағы бірі өз еркімен жұмыстан кеткен.