Басты жаңалықтар

Қазақстандықтар бензин сапасына шағымданған соң, сауда министрлігі тексерісті бастады

Қазақстандықтар бензин сапасына әлі де шағымданып жатыр. Қазіргі уақытта Сауда және интеграция министрлігінің қарауында автокөлік иелерінен түскен 12 өтініш бар. Шағымдарға қатысты ведомство мұнай өңдеу зауытынан бастап жанармай құю бекетіне (ЖҚС) дейінгі бүкіл тізбек бойынша отын сапасын тексере бастады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, тоғыз өтініш Астана тұрғындарынан, біреуі Павлодардан және тағы екеуі Солтүстік Қазақстан облысынан түскен.

Тәуелсіз зертханаға Павлодар мұнай-химия зауытында тікелей алынған бензиннің арбитраж сынамалары тапсырылды.

Мамандар Sinoil, QazaqOil және Helios қоспалары қосылған отын үлгілерін жеке зерттеп жатыр. Бұл зерттеулердің нәтижесі бір апта ішінде белгілі болмақ.

Сонымен қатар мамандар 17 ЖҚС-да бензинді бақылау мақсатында сатып алуды жүзеге асырды:

  • бесеуі - Алматыда;
  • бесеуі - Алматы облысында;
  • алтауы - Абай облысында;
  • біреуі - Жамбыл облысында.

Қазір алынған үлгілер зертханалық сынақтан өтіп жатыр.

Сауда министрлігі тексеріс зауыт және жанармай бекеттерімен шектелмейтінін түсіндірді. Сынамаларды жанармайдың бүкіл жеткізу тізбегі бойынша, соның ішінде мұнай базаларында да алу жоспарланған. Осылайша, мамандар бензин сапасына қатысты мәселелер қай кезеңде туындауы мүмкін екенін анықтамақ.

Егер бензиннің техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні анықталса, оны сатуға тыйым салынып, сапасыз жанармай айналымнан шығарылуы мүмкін.