«Білім, тұрғын үй, зейнетақы»: Қазақстанда қыркүйектен бастап не өзгереді?
1 қыркүйектен бастап Қазақстанда бірқатар жаңа талап күшіне енеді. Өзгеріс мектеп оқушыларынан зейнеткерлерге дейін, баспана кезегіндегілерден кәсіпкерлерге дейінгі бірнеше саланы қамтиды. Күздің алғашқы күнінен нақты не өзгереді? Кімге қандай талап қойылады?, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасы жаңалықтарына сілтеме жасап.
Алты жасар Алпамыс мектепке барады. Бірақ енді БЖБ мен ТЖБ талаптарынан шегеріледі. Министрлік мұндай өзгеріс арқылы бағаға емес, баланың білімді қаншалықты меңгеріп, оны іс жүзінде қолдана алуына басымдық берілетінін айтады.
Жаңа оқу жылындағы ең елеулі өзгерістердің бірі — бағалау жүйесі. Елдегі бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ алынып тасталады. Жоғары сынып оқушылары да жаңа пәндермен танысады. 5-7 сыныпта «Конституция негіздері», ал 8-11 сыныпта «Заң және тәртіп» міндетті курстары енгізіледі.
8-9 сыныпта «Қазақстан географиясы» пәні аптасына екі сағаттан оқытылады. Жасанды интеллект те мектеп бағдарламасында. Цифрлық пәндердің мазмұны да ауысады.
1-4 сыныптағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5-11 сыныптағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» деп қайта аталады. Мектептегі медициналық тексеру цифрлық форматқа көшіріледі.
Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық медициналық тексеру мен мектеп медицинасының жаңартылған форматын кезең-кезеңімен енгізе бастайды. Оқушыларды тексеру кезінде цифрлық ЭКГ құрылғысынан бастап, өзге де диагностикалық жабдықтар, соның ішінде жасанды интеллект технологиялары қолданылатын құралдар пайдаланылмақ. Баланың денсаулығына қатысты мәліметтер цифрлық жүйелерде жинақталады. Бұл арқылы баланың электронды денсаулық паспортын қалыптастырмақ. Онда медициналық тексеру нәтижесі, қауіп факторлары, мамандарға жолдама және одан кейінгі бақылау туралы ақпарат сақталады.
Зейнетақы жаңалығы.
Енді қазақстандықтар зейнетақы жинағының 100 пайызына дейін жеке басқарушы компанияларға бере алады. Бұл өзгеріс 7 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Енді салымшы қаражатының қандай бөлігін жеке басқарушыға беретінін өзі анықтап, бір немесе бірнеше басқарушы компанияны және инвестициялық портфельдерді таңдай алады. Маңыздысы — зейнетақы жинағын жеке басқарушы компанияға аудару міндетті емес. Бұл салымшыға зейнетақы жинағын басқару стратегиясын өзі таңдауға берілетін қосымша мүмкіндік.
Тұрғын үй кезегінде тұрғандар үшін жағымды жаңалық.
Үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтарға өз ауданы аумағынан қолжетімді жалдамалы баспананы өз бетінше таңдау мүмкіндігі беріледі. Өтініш 1-7 қыркүйек аралығында «Отбасы банк» порталы арқылы қабылданады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Тұрғын үйді бөлу кезінде азаматтың кезекке қойылған күні, соңғы алты айдағы отбасы табысы, отбасы құрамы және әлеуметтік мәртебесі ескеріледі. Ал 14 қыркүйектен бастап тұрғын үйдегі бөлме саны отбасы құрамына қарай анықталатын болады. Атап айтқанда, жаңа ережеде ерлі-зайыптылар мен ата-аналарға жеке бөлме қарастыру, сондай-ақ кәмелетке толмаған ұл мен қыз балалардың бөлек орналасуы сияқты талаптар ескеріледі.
Қыркүйектегі қарбалас ертең-ақ басталады. Ата-аналар мен ұстаздардың арқасынан бір жүк түскендей болды. Мектептегі бағалау жүйесінің алынуы мен жасанды интеллектінің көмегі бүгінде ауадай қажет. Зейнетақы салымшылары да жинағын енді өз кезегімен өлшейді. Ал ауылдағы ағайын тұрғын үй кезегінде тұрса, баспана таңдаудағы мүмкіндігі де кеңеймек.