Қоғам

Нұрай Серікбайдың өлімі: сотталған Шерхан Аймахан сот үкімінің күшін жоюды сұраған

Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіргені үшін өмір бойына сотталған Шерхан Аймаханның адвокаттары сот шешіміне аппелияциялық шағым түсірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Жәбірленушілердің адвокаты Аянхан Омаров сотталушының қорғаушысы “кісі өлтіру” бабының қайта саралануын және өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын алып тастауды сұрап отырғанын айтты.

“Шағымда, сотталған Аймахан Шерханды ҚК-нің 125-1-бабы (некеге тұруға мәжбүрлеу) бойынша ақтауды, сондай-ақ адам өлтіруді Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі 5)тармағынан, 99-бабының 1-бөлігіне ауыстыруды сұрап, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын алып тастауды сұраған. Яғни, Нұрай Серікбайды некеге тұруға мәжбүрлемеген және оны аса қатыгездікпен өлтірмеген - деп алға тартып отыр!”, – деп жазды Аянхан Омаров желідегі жазбасында. 

Заңгер бұл шағыммен келіспейтінін, бірінші сатыдағы соттың шығарған үкімі әділ болғанын және өзгеріссіз қалуы тиіс екенін атап өтті.