Соңғы кезде елімізде қант диабетіне шалдыққан балалардың саны артқан
Елімізде қант диабетіне шалдыққан балалардың саны артып келеді. Олардың үлесі жыл сайын шамамен 10 пайызға өсіп, мамандарды алаңдатып отыр.
Дәрігерлердің айтуынша, балалар арасында диабеттің бірінші түрімен қатар, артық салмақ пен қимыл-қозғалыстың аздығына байланысты екінші типі де жиілей түскен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Аlmaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Балалар арасындағы қант диабеті еліміздегі алаңдатарлық мәселелердің біріне айналды. Қазір елімізде аталған диагноз анықталған 7 мыңға жуық бала дәрігерлердің бақылауында. Бұл мәселенің өзектілігін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Тамыз конференциясында көтерді. Президент балалардың денсаулығына кері әсер ететін факторлардың бірі ретінде фастфудтың агрессивті жарнамасына назар аударып, мұқият зерделеуді тапсырған еді.
"Тез ішіп-желінетін тағам зиянды әдет қалыптастырады, денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсіреді, еліміздің еңбек күші әлеуетіне теріс әсер етеді. Дәрігерлердің бақылауында қант диабетіне шалдыққан 7 мыңға жуық бала бар. Олардың саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ", – деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Дәрігерлердің айтуынша, балалардағы қант диабетінің 90 пайызы – 1-типті диабет. Ал 2-типі дұрыс тамақтанбау мен артық салмақтан болады. Мамандардың айтуынша, 10 жыл бұрын балалар арасында мүлдем кездеспейтін 2-типті диабет бүгінде тіпті 6 жастағы балаларда да анықталып жатыр.
"Президенттің осы мәселеге назар аударуы да өте маңызды. Себебі соңғы 10 жылда балалар арасындағы семіздік жағдайының айтарлықтай өскенін байқап отырмыз. Қазір кішкентай балалардың өзінде 2-типті диабетті кездестіріп жүрміз. Біздің ең кішкентай пациентіміз – 6 жастағы бала. Бала салмақ қоса бастайды, кейін одан әрі салмақ қосады. Соның нәтижесінде ағза өзінің инсулиніне сезімталдығын жоғалтады. Содан кейін ем ретінде дәрі қолдануға тура келеді. Ал 2-типті диабетті емдеуге арналған дәрілердің көпшілігі 12 жастан бастап қана қолдануға рұқсат етілген", – деді ДСМ бас штаттан тыс балалар эндокринологы Гүлмира Абдуахасова.