Қоғам

Әскерге шақыру тәртібі туралы жалған ақпарат таратқан алматылық ер адам жазаланды

Алматыда ер адам әскери қызметке шақыру тәртібіне қатысты жалған ақпарат таратқан, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам 17 шілдеде Facebook әлеуметтік желісінде азаматтардың денсаулығында белгілі бір аурулары болса да, әскерге шақырылуы мүмкін екені айтылған бейнежазба жариялаған.

Жарияланымнан кейін бұл факті бойынша құзыретті органдармен бірлесіп тексеру жүргізілді. Нәтижесінде таратылған ақпараттың қолданыстағы тәртіпке сәйкес келмейтіні анықталған.

«Азаматтың әскери қызметке жарамдылығы туралы шешім оның денсаулық жағдайы мен белгіленген талаптарды ескере отырып, медициналық куәландыру нәтижелері бойынша қабылданады. Денсаулық жағдайын ескерместен азаматтарды әскерге шақыруға болады деген мәлімдемелер қолданыстағы тәртіпке сәйкес келмейді», – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

15 тамызда жарияланым авторы Қазақстан заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.