Мәдениет

Алматыда Бәтима Зәурбекованың 80 жылдығына арналған көрме өтеді

25 қыркүйекте Алматыда белгілі суретші, қазақ гобелен өнерінің негізін қалаушылардың бірі Бәтима Зәурбекованың 80 жылдығына арналған «Мұра жіптері» атты мерейтойлық көрме ашылады, деп хабарлайды KYN.KZ.

Көрменің ашылуы сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде өтеді.

Бәтима Зәурбекова – «Отан» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Ол Қазақстандағы кәсіби гобелен өнерінің қалыптасуына үлес қосқан суретшілердің бірі.

Жарты ғасырдан астам шығармашылық жолында суретші бірнеше жүз туынды жасаған. Оның шығармаларында қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен тарихы, адам мен табиғат, ана мен отбасы, ұрпақтар сабақтастығы, музыка, сұлулық пен рухани құндылықтар кеңінен көрініс табады.

Мерейтойлық көрмеге 80-нен астам туынды қойылады. Экспозиция музейдің үш залын қамтиды. Келушілер гобелендермен қатар суретшінің кескіндеме және графикалық жұмыстарын, эскиздерін, архивтік фотосуреттері мен бейнематериалдарын көре алады.

Көрмеде Бәтима Зәурбекованың 1970 жылдардағы алғашқы еңбектерінен бастап кейінгі жылдары жасаған жұмыстарына дейінгі шығармашылық жолы көрсетіледі. Сондай-ақ «Кеңістік» (1976), «Жер-Ана» (1984), «Ана болу» (2004) секілді белгілі гобелендері ұсынылады.

Бәтима Зәурбекова 1946 жылы Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында дүниеге келген. 1969 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған.

Суретшінің еңбектері Қазақстаннан бөлек Франция, Түркия, Италия, Швейцария және басқа елдерде көрмеге қойылған. Оның туындылары бүгінде мемлекеттік музейлер мен әлемнің әр түкпіріндегі жеке коллекцияларда сақтаулы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Мұра жіптері» көрмесі Бәтима Зәурбекованың шығармашылық мұрасын алғаш рет осындай ауқымда таныстырады. Көрме арқылы көрермен суретшінің жарты ғасырдан астам шығармашылық жолын және қазақтың ұлттық өнері мен заманауи көркемдік бағытты ұштастырған өзіндік қолтаңбасын көре алады.