Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Инвестициялық серпін: Қазақстан 124 млрд долларлық қандай мегажобаларды жүзеге асырмақ?

Инвестициялық серпін: Қазақстан 124 млрд долларлық қандай мегажобаларды жүзеге асырмақ?
kyn.kz
Қазақстан соңғы бірнеше онжылдықтағы ең ауқымды инвестициялық кезеңдердің біріне аяқ басып отыр. Теңіз кен орнын кеңейту жобасы аяқталғаннан кейін ел экономикасының өсімін қамтамасыз ететін жаңа ірі жобаларға басымдық беріле бастады.

Tradereport Telegram-арнасының есебінше, қазір Қазақстанда әрқайсысының құны 1 млрд доллардан асатын 13 мегажоба жарияланған. Олардың жалпы құны 124 млрд доллардан асады.

Дегенмен жобаның жариялануы оның бірден жүзеге асатынын білдірмейді. Миллиардтаған долларлық бастамаларды әзірлеу, қаржыландыру және құрылысын бастауға бірнеше жыл кетуі мүмкін. Сондықтан тізімдегі жобалардың бір бөлігі әлі келіссөздер, жобалау немесе геологиялық барлау кезеңінде тұр.

Ең қымбат жоба әзірге қағаз жүзінде

Маңғыстау облысында салынуы жоспарланған Hyrasia One кешенінің құны 40-50 млрд долларға бағаланады. Бұл – қазіргі таңда Қазақстанда жарияланған мегажобалардың ішіндегі ең қымбаты.

Жобаны герман-шведтік Svevind компаниясы әзірлеп жатыр. Компания 2023 жылдан бері норвегиялық мемлекеттік Statkraft құрамына кіреді. Hyrasia One туралы жоспар алғаш рет 2021 жылы жарияланғанымен, содан бері оны іске асыру мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді.

Қазіргі уақытта алдын ала жобалау кезеңі аяқталған. Түпкілікті инвестициялық шешім 2026 жылы қабылданады деп күтілуде. Ал нақты құрылыс жұмыстары әлі басталған жоқ.

Қазақстандағы алғашқы АЭС

Үлкен ауылы маңында салынатын «Балқаш» атом электр станциясының құны 16,4 млрд доллар болады деп жоспарланған. Жобаның бас мердігері – ресейлік «Росатом».

Жоба құнының негізгі бөлігі Ресей тарапынан берілетін несие есебінен қаржыландырылып, қалған шығынды Қазақстан үкіметі өтейді.

Үлкен ауылындағы инженерлік іздестіру жұмыстары 2025 жылдың тамызында басталды. Негізгі құрылысқа 2027 жылы кірісу, ал атом электр станциясын 2035-2036 жылдары пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Қытай инвесторлары алюминий өндірісіне қаржы салмақ

Қазақстанда алюминий шикізатын өңдеуге бағытталған Қытай капиталының екі ірі жобасы әзірленіп жатыр.

Соның бірі – Xinfa тобы Павлодар облысында жүзеге асыруды жоспарлаған 15 млрд долларлық глинозем-алюминий кластері. Бұл – құрылысы әлі басталмаған жобалардың ішіндегі ең қымбаттарының бірі.

Ал қытайлық East Hope компаниясы Қостанай және Ақтөбе облыстарында 12,6 млрд долларлық жоба жүзеге асыруды көздеп отыр. БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясы (ЮНКТАД) оны 2025 жылы дамушы Азия елдерінде жарияланған ең ірі жаңа инвестициялық жобалардың бірі ретінде атаған.

Қазіргі уақытта екі жоба бойынша да жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Сондықтан құрылыс басталатын мерзімдер әзірге алдын ала белгіленген және өзгеруі мүмкін.

Деректер орталығынан газ-химия өндірісіне дейін

Екібастұз маңында құны 10 млрд долларға дейін жететін «Деректер орталықтары алқабының» құрылысы басталды. Жобаға америкалық Firebird стартапы, NVIDIA және қазақстандық «Қазақтелеком» серіктес ретінде қатысады. Нысанды коммерциялық пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.

Елдің батысында Geo Jade Petroleum компаниясы қазақстандық тараппен бірлесіп Созақтағы дәстүрлі емес газ кен орнын зерттеп жатыр. Жоба 7,8 млрд долларға бағаланады. Алайда ол әзірге меморандум және бастапқы зерттеу кезеңінде.

Құрылысы нақты басталған жобалардың қатарында Атырау облысындағы «Силлено» газ-химия зауыты да бар. Кәсіпорынды 2029 жылы іске қосу жоспарланып отыр.

Теміртаудағы Qarmet комбинатын жаңғыртуға 3,5 млрд доллар бағытталмақ. Модернизация жұмыстарын 2028 жылға дейін аяқтау көзделген.

Жарияланған жобаның бәрі жүзеге аса ма?

124 млрд долларлық инвестициялық портфель ауқымды көрінгенімен, аталған жобалардың жүзеге асу деңгейі әртүрлі. Бірқатар нысанда құрылыс басталып кетсе, кейбірі әлі жобалау, келіссөз немесе зерттеу сатысында.

ЮНКТАД есебінде аталған 13 жобаның ішінен East Hope бастамасы ғана Қазақстан экономикасындағы жылдың маңызды инвестициялық жобаларының бірі ретінде жеке көрсетілген. Қалған жобалар әзірге жаһандық статистикада көрініс таппағанымен, олардың жиынтық құны елдегі инвестициялық белсенділіктің ауқымын аңғартады.

Сонымен бірге ірі жобалардың мерзімі кейінге шегерілуі, бастапқы құны мен қуаты өзгеруі немесе кейбір бастамалардың мүлде басқа форматта жүзеге асуы ықтимал. Сондықтан 124 млрд долларды Қазақстан экономикасына құйылып қойған инвестиция ретінде емес, қазіргі уақытта жарияланған мегажобалардың жиынтық құны ретінде қарастырған жөн.

Соған қарамастан, энергетикадан металлургияға, газ-химия өндірісінен цифрлық инфрақұрылымға дейінгі бұл бастамалар жүзеге асса, алдағы жылдары Қазақстан экономикасының құрылымына елеулі ықпал етуі мүмкін.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар