Щучинскідегі дәмханадағы жарылыс: кафе иесі жеті жылға сотталды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:15
- 1
Белгілі болғандай, кафе басшысы қауіпсіздік талаптарын сақтамаған. Дәмханада газ баллондарын жылыту радиаторларына жақын жерде сақтаған. Бұдан бөлек, қызметкерлеріне және газ жабдығын пайдалануға жауапты тұлғаларға тиісті нұсқама жүргізбеген.
Ал газ тасымалдау және оны жеткізуге қатысты рұқсаты жоқ адам кафеге газ баллондарын жеткізіп жүрген. Қайғылы жағдай болардан бірнеше күн бұрын, яғни 25 ақпанда ол кафеге екі газ баллонын жеткізген. Оқиға күні сол баллондардың біреуі жарылған. Бұдан бөлек, баллондардың біріне рұқсат етілген мөлшерден артық газ толтырылғаны анықталды.
«Шерол 2017» ЖШС директоры қажетті құжаттары, арнайы жабдықтары, баллонға қанша газ толтырылғанын тексеретін құралдары және оқытылған қызметкерлері болмаса да, тұрмыстық газ баллондарын тұрақты толтырып жүрген.
Газ баллонының шамадан тыс толтырылуы және оның кафеде жылыту радиаторының жанында сақталуы салдарынан қызып, баллон ішіндегі қысым жоғарылаған. Соның нәтижесінде баллон жарылып, алапат өрт шыққан.
«Сот үкімімен кафе басшысы мен газ жеткізген қызметкерге 7 жылдан, ал «Шерол 2017» ЖШС директорына 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 16 жәбірленушінің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап-арыздары ішінара қанағаттандырылды», – делінген Бурабай аудандық сотының хабарламасында.



