Әр ата-ана төтенше жағдайдың алдын алу бойынша баласына айтуы тиіс ережелерді біле жүріңіз
Бала үйде желғыз қалғанда немесе өрт, су қаупі, жер қимылдауы сынды төтенше жағдайдың куәсі болса не істейтінін, алғашқы әрекетін білгені жөн.
Төтенше жағдай ескерту жасамайды. Жер сілкінісі түнде болуы мүмкін, өрт бала үйде жалғыз отырғанда шығуы ықтимал, ал газдың тарағанын кейде тек иісінен ғана байқауға болады. Осындай сәтте алғашқы бірнеше әрекеттің дұрыс жасалуы аса маңызды.
Сондықтан балаларға қауіпсіздік ережелерін төтенше жағдай болғаннан кейін емес, алдын ала үйреткен жөн. KYN.KZ жер сілкінісі, өрт, су тасқыны және газ тараған жағдайда бала мен ата-ана бірінші кезекте нені білуі керектігін жинақтады.
Жер сілкінгенде сыртқа жүгіруге асықпаңыз
Жер дүмпуі сезілген сәтте адамның алғашқы әрекеті сыртқа шығуға ұмтылу болуы мүмкін. Алайда дүмпу кезінде баспалдақпен жүгіру немесе лифт пайдалану қосымша қауіп тудырады.
Ғимарат ішінде қалған адам ең алдымен терезелерден, айналардан, биік шкафтардан және үстіне құлауы ықтимал заттардан алыстауы қажет. Басты қолмен немесе қолда бар затпен қорғаған дұрыс. Мүмкіндік болса, берік үстелдің астын паналауға болады.
Сілкініс басылғаннан кейін жағдайды бағалап, ғимараттан баспалдақпен шығу керек. Сыртқа шыққан соң үй қабырғаларына, электр бағандарына, ағаштар мен басқа да құлауы мүмкін нысандарға жақындамай, ашық кеңістікке барған жөн.
Ал көшеде жүрген адамға ғимараттардың кіреберісіне тығылудың қажеті жоқ. Керісінше, құрылыстардан алыстаған дұрыс.
Отбасылар алдын ала бір маңызды мәселені келісіп алғаны жөн: байланыс үзіліп, бір-біріне қоңырау шалу мүмкін болмаса, барлығы қай жерде кездеседі?
Өрт кезінде зат емес, адам өмірі маңызды
Үйде өрт шыққанда балалар жіберуі мүмкін ең қауіпті қателіктің бірі – қорыққаннан шкафқа, төсек астына немесе бөлменің бір бұрышына тығылу.
Балаға мұндай жағдайда жасырынбай, қауіпсіз шығу жолы болса, ғимараттан мүмкіндігінше тез кету керектігін түсіндіру қажет.
Түтін бөлмені басып жатса, тік тұрып жүруден гөрі еденге жақын еңкейіп немесе төмен қозғалған дұрыс. Себебі түтін мен ыстық ауа жоғары көтеріледі. Ауыз бен мұрынды мата арқылы жабуға болады.
Көпқабатты үйде өрт кезінде лифт пайдаланылмайды. Ғимараттан баспалдақ арқылы шығу қажет.
Сыртқа шыққаннан кейін телефон, құжат, киім немесе басқа бағалы зат үшін қайтадан үйге кіруге болмайды.
Ал шығатын жолды жалын немесе қою түтін жауып қалса, қауіпсіз бөлмеде қалып, есікті жауып, түтін кіретін саңылауларды мүмкіндігінше бітеу керек. Терезе немесе балкон арқылы құтқарушыларға өзінің қайда екенін білдірген жөн.
Қауіпсіз жерге шыққан соң 101 немесе 112 нөміріне хабарлап, мекенжай мен болған жағдайды нақты айту қажет.
Газ иісін сезсеңіз, жарық қосуға болмайды
Үйде газдың ерекше иісі пайда болса, бірінші ой «жарықты жағып, қай жерден шығып жатқанын қарайын» болуы мүмкін. Бірақ дәл осы әрекет қауіпті.
Газ жиналған бөлмеде электр қосқышын басу, тұрмыстық техниканы қосу немесе ажырату, оттық пен сіріңке жағу қауіпті жағдай туғызуы ықтимал.
Сондықтан газ иісі сезілген жағдайда от жағуға және электр құрылғыларына қол тигізуге болмайды.
Қауіпсіз мүмкіндік болса, газ беретін кранды жауып, есік-терезені ашып, бөлмені желдеткен жөн. Одан кейін адамдар ғимараттан шығып, қауіпсіз жерден 104 немесе 112 қызметіне хабарласуы қажет.
Бала газдың қайдан шығып жатқанын өзі анықтауға немесе құрылғыны жөндеуге тырыспауы керек.
Су көтерілсе, қауіпсіз биік жер іздеу қажет
Су тасқыны кезінде жағдай өте жылдам өзгеруі мүмкін. Сондықтан ресми эвакуация туралы хабарлама келсе, оны елемей үйде қалып қою қауіпті.
Алдын ала дайындалуға уақыт болса, отбасы құжаттарын, қажетті дәрі-дәрмектерін, ауыз суын, байланыс құралдарын және ең керекті заттарын алып шығуға дайындағаны дұрыс.
Эвакуация жарияланған жағдайда белгіленген қауіпсіз аймаққа бару қажет. Үйден кетер алдында ересек адам жағдай мүмкіндік берсе электр қуатын, газ бен суды ажыратады.
Егер су үйге кіріп, сыртқа қауіпсіз шығатын жол қалмаса, жоғары қабатқа немесе басқа биік әрі тұрақты жерге көтеріліп, көмек күткен дұрыс.
Балаларға су басқан көшеде ойнауға, ағысы бар судан жаяу өтуге немесе су астында қалған жолды кесіп өтуге болмайтынын алдын ала айтқан жөн. Сырттай таяз болып көрінген судың тереңдігі мен ағысының күшін анықтау қиын.
Бала өзінің мекенжайын жатқа біле ме?
Қауіпсіздік туралы сөйлескенде ата-аналар кейде ең қарапайым нәрсені ұмытып кетеді. Бала жедел қызметке хабарласқанымен, өзінің қайда тұрғанын түсіндіре алмауы мүмкін.
Сондықтан мектеп жасындағы бала мүмкіндігінше үйінің нақты мекенжайын, ата-анасының кемінде бір телефон нөмірін және өзінің толық аты-жөнін білуі қажет.
Қазақстанда төтенше жағдайда 112 бірыңғай нөміріне хабарласуға болады. Сонымен қатар 101 – өрт сөндіру қызметі, 103 – жедел медициналық жәрдем, 104 – авариялық газ қызметі.
Балаға қоңырау кезінде ұзақ түсіндірудің қажеті жоқ екенін үйретуге болады. Ең маңызды үш ақпарат:
Не болды? Қай жерде болды? Кім хабарласып тұр?
Одан кейін телефонды бірден қоймай, диспетчердің сұрақтарына жауап беру қажет.
Қауіпсіздік ережесін айтып қана қою жеткіліксіз
Бала тыныш жағдайда барлық ережені жақсы білуі мүмкін. Бірақ шын қауіп төнгенде қорқыныш пен абыржу салдарынан не істеу керектігін ұмытып қалуы ықтимал.
Сондықтан үйде шағын жаттығу өткізу пайдалы. Мысалы, «Қазір жер сілкінді, қайда барасың?», «Асүйден түтін шықты, не істейсің?», «Үйде газдың иісін сездің, бірінші әрекетің қандай?» деп сұрап, баланың өзіне әрекет ретін көрсеткен дұрыс.
Отбасы мүшелері үйден шығатын негізгі және қосымша жолдарды да білуі керек. Құжаттар, фонарь, дәрі қобдишасы, ауыз су, powerbank және қажетті заттар салынған төтенше жағдай сөмкесін алдын ала дайындап қойған артық болмайды.
Ең бастысы, балаға күрделі нұсқаулықты жаттатудың қажеті жоқ. Оның есінде төрт қарапайым қағида қалса да маңызды:
Жер сілкінсе – құлайтын заттардан алыстап, өзіңді қорға.
Өрт шықса – жасырынба, қауіпсіз жолмен сыртқа шық.
Газ иісі сезілсе – от жақпа және электр құрылғыларына тиме.
Су тасыса – судан алыстап, қауіпсіз биік жерге көтеріл.
Төтенше жағдай кезінде уақыт санаулы болуы мүмкін. Ал алдын ала бірнеше рет қайталанған қарапайым әрекет дәл сондай сәтте баланың өз өмірін қорғауына көмектеседі.