Қоғам

“Қара түске де, көк түске де рұқсат етіледі”: министр мектеп формасына қатысты түсіндірді

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп формасына қатысты жауап берді.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектептер оқушыларды тек көк түсті форма киюге міндеттей алмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, мектеп формасында көк және қара түстің екеуіне де рұқсат етіледі, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. 

Сүлейменованың айтуынша, мектеп формасына қатысты негізгі ережелер бар.

"Мектеп формасына қатысты негізгі ережелер бар. Көк және қара түстерге рұқсат етіледі. Оқушының мектеп формасымен келуі – белгіленген талап", – деді министр.

Министр журналисттің мектеп тек көк түсті таңдап, қара форма киген оқушыға шектеу қоя ала ма деген сұрағына жауап берді.

"Мұндай мәселе болғанын білемін. Осыған байланысты нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, білім басқармаларымен жеке кеңес өткіздік. Қара түске де, көк түске де рұқсат етіледі", – деді Жұлдыз Сүлейменова.