Денсаулық

Алматыда дәрігерлер үш жарым жасар баланың ішінен 59 магнит алып шықты

Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығына бір күнде магнит жұтып қойған үш бала түскен.

Олардың біреуінің ішінен 59 магнит шар алынды, деп хабарлайды KYN.KZ .

Мамандар магнит жұтып қойған кішкентай балаларға бірден үш шұғыл ота жасаған.

Бірінші пациент 2 жаста болды. Ол іш ауыруына шағымданып түскен, ал тексеру кезінде ішінде бөгде заттар бар екені анықталды. Хирургтер ота кезінде 25 магнитті алып шықты.

Бірнеше сағаттан кейін ауруханаға 2,5 жасар екінші бала жеткізілді. Ол құсқан және іші ауырған. Тексеруден кейін оған да шұғыл ота жасалды. Дәрігерлер асқазанынан 9 магнитті алып тастады. Отадан кейін бала стационарда 10 күн жатты.

"Үшінші бала да сол кезекшілікте, таңертең, кезекшілік аяқталар тұста түскен. Баланың жасы төртке толмаған. Оның іші қатты ауырған, әлсіздік сезінген және құсқан. Тексеруден кейін асқазан-ішек жолында көптеген бөгде заттар бар екені анықталды. Баланың аш ішегінен 59 магнитті алып шыққанда, біздің команда нағыз шок алды. Медициналық көмекке жүгінген кезде қауіпті заттар ащы ішектің қабырғаларын тесіп үлгерген еді. Бұл 1 тамыздағы кезекшіліктегі ең күрделі оталардың бірі болды", - деді Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының қабылдау бөлімінің хирургі Айбол Сұлтанбеков.

Жыл басынан бері орталыққа магнит жұтып қойған 15 бала түскен.

Дәрігерлер ата-аналарды магнитті шарлар мен ұқсас ойыншықтарды кішкентай балалардың қолы жететін жерде қалдырмауға және олардың немен ойнап жатқанын мұқият қадағалауға шақырды.