Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс: сарапшы үйдің кірпіш қалауында кемшіліктер болғанын мәлімдеді
Сарапшы сотта тұрғын үйге жасалған сараптаманың қорытындысын жария етті.
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Құрылыс саласының маманы Вероника Лабаева қатысып, куәлік етті. Сот құрылыс-техникалық сараптамасына жасаған рецензиясын таныстырып, ғимарат конструкцияларынан анықталған кемшіліктер туралы айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Сарапшы сотта Тәуелсіздік, 24 мекен жайындағы тұрғын үйге жасалған сараптаманың қорытындысын жария етті.
Лобаева сараптама материалдарында нақты орындалған кірпіш қалау жұмыстары мен қолда бар жобалық құжаттар және нормативтік талаптар арасында елеулі сәйкессіздіктер көрсетілгенін мәлімдеді.
Оның сөзінше, ғимарат қаңқасыз жүйе бойынша салынған. Бұдан басқа, нысанның құрылысы 2.183 сериялы конструктивті Д-69 торабы негізінде салынған. Яғни, бұл материал тоғыз қабат үйге емес, тек бес қабат үйге арналады.
Маман өзіне берілген материалдарда кейбір архивтік және жобалық деректер, оның ішінде ғимарат іргетасына қатысты мәліметтер болмағанын айтты.
"Талдау және аспаптық тексеру барысында сарапшылар кірпіш қалаудың нақты орындалуы бастапқы жобалық құжаттамаға және нормативтік талаптарға сәйкес келмейтінін анықтаған", – деді маман.
Айтуынша, құрылыс жұмыстары нормативтік талапқа да сай келмейді.
«Бірінші кезекте, сараптама қорытындысында ғимараттың қабат саны бойынша 2.183 сериясының талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Нақты объектіде осы типтік шешім бойынша тоғыз қабат салынған. Ал аталған сериядағы Д-69 торабы қабырғаларды ең көбі бес қабатты ғимараттарда қолдануды көздейді. Яғни бұл конструкциялық шешім аз қабатты құрылысқа, нақтырақ айтқанда бес қабатқа дейінгі ғимараттарға арналған. Алайда іс жүзінде осы типтік серия негізінде тоғыз қабатты ғимарат бой көтерген», - деп түсіндірді.
Лобаева 2026 жылы жүргізілген зерттеу нәтижелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, зертханалық сынақ үшін кірпіш қалауынан үлгі алу кезінде материал үгітіліп кеткен.
«Қайғылы жағдайдан кейін сараптама жүргізу мақсатында «Астана техникалық қадағалау» мамандары объектіні тексеру үшін кірпіш қалау конструкцияларының үлгілерін алған. Алайда үлгілерді алу кезінде олар үгітіліп, бұзылып, тиісті зертханалық зерттеу жүргізу мүмкін болмаған. Кейін ерітіндінің нақты маркасы М25 екені анықталған. М25 маркалы ерітінді жүк көтергіш конструкцияларда қолдануға арналмаған. Бұл – беріктігі төмен, қауіпсіздік тұрғысынан қажетті беріктік қоры аз ерітінді», - деді құрылыс маманы.
Сараптама қорытындысында жылу оқшаулағыш материалдың да жобалық шешімге сәйкес келмейтіні де жазылған. Маманның сөзінше, жобада кірпіш қалау арасындағы жікте минералды мақтадан жасалған жылу оқшаулағыш материал қарастырылған. Алайда құрылыс салушы оны өз бетінше пенополистиролға ауыстырған.
"Жобада минералды мақтадан жасалған жылу оқшаулағыш қарастырылған, алайда құрылыс салушы оны пенополистиролға ауыстырған. Пенополистирол – жанғыш материал. Бұл ауыстырудың негіздемесі де іс материалдарында жоқ», - деді.
Лобаева сот сарапшылары қабат санының сәйкессіздігін көрсеткенімен, қорытындыда негізгі назар басқа құрылыс ақауларына аударылғанын айтты.