Қоғам

Қазақстанда балаларға арналған фастфуд пен тәтті сусындардың жарнамасына шектеу енгізілуде

Денсаулық сақтау министрлігі балаларға арналған фастфуд жарнамасын шектеу бойынша заң нормаларын ұсынды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұған дейін мемлекет басшысы үкіметке фастфудтың агрессивті жарнамасы мәселесін қарастыруды тапсырған еді. Денсаулық сақтау министрлігі балаларға бағытталған фастфуд, тәтті сусындар және құрамында қант, тұз бен қаныққан майлар мөлшері жоғары басқа да өнімдердің жарнамасын шектеу бойынша заңнамалық ұсыныстар әзірледі.

"Министрлік құрамында тұз, қант, қаныққан және трансмайлар мөлшері жоғары тамақ өнімдерінің жарнамасын теле- және радиоарналарда, әлеуметтік желілерде, сыртқы жарнама құралдарында шектеу бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірледі. Аталған ұсыныстарды іске асыру мақсатында осы шектеулердің реттеушілік әсерін талдауды әзірлеу жұмыстары басталды", - деді Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсембаева аппараттық кеңесте сөйлеген сөзінде.

Зерттеу деректеріне сәйкес 6–9 жас аралығындағы балалардың 23 пайызында артық дене салмағы бар, ал 6 пайызы семіздікке шалдыққан.

Қазақстанда 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынған. 2025 жылғы қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында жаңа тамақтану стандарты қолданысқа енгізілді.