“Таза Қазақстан”: Атырауда «LOTUS CLEAN DAY» экологиялық акциясы өтті
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Атырауда «LOTUS CLEAN DAY» экологиялық акциясы өтті. Оған жастар мен волонтерлер қатысып, лотос өсетін табиғи аумақта тазалық жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қатысушылар аумақты тұрмыстық қалдықтан тазартып, табиғи ортаны абаттандыруға атсалысты. Сонымен қатар оларға лотостың биологиялық ерекшеліктері, тарихы және экожүйедегі маңызы туралы ақпарат берілді. Арнайы гид-таныстырылым барысында өсімдікті қорғау және табиғи аумаққа ұқыпты қарау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Акцияның негізгі мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыру және өңірдің табиғи ерекшеліктерін кеңінен насихаттау.

Айта кетейік, жыл басынан бері Жастар ресурстық орталығының қатысуымен экологиялық бағытта 34-тен астам іс-шара ұйымдастырылды. Оларға 1 200-ден астам жас қатысып, 400-ге жуық ағаш көшеті отырғызылды. Бұдан бөлек, «Таза жағалау», «Экоплоггинг», «Құстар күні» және «ECO QUIZ» жобалары жүзеге асырылды.