Иран компаниясымен байланысқан қазақстандық компания АҚШ-тың санкциясына ілінуі мүмкін
АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы "Тур Инвест" компаниясы Иранның Mahan Air әуе компаниясымен байланысқаны үшін қайталама санкцияларға ілінгелі тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Америкалық ведомствоның мәліметінше, Mahan Air АҚШ пен Еуропалық одақ енгізген қолданыстағы шектеулерге қарамастан, Таяу Шығыста рейстерін орындауды және Қытайға жүк тасымалдауды жалғастырған.
Ирандық әуе компаниясы, соның ішінде Алматыға да рейстер орындайды. Америкалық ведомствоның мәліметінше, Tour Invest (Тур Инвест) компаниясы оның жергілікті сату агенті болған.
"Біз Иран режиміне қаржылық қолдау көрсеткендердің зардаптары ауыр болатынын ескерттік. Бүгін Mahan Air компаниясына қолдау көрсетуді жалғастырған компанияларға санкция салып, бұл уәдемізді орындадық. Бұл Иранның қалған әуе компанияларымен бизнес жүргізіп жүргендердің барлығына ескерту болсын. Бүгін біз олардың барлығына санкция енгіздік. Сіздер жаһандық қаржы жүйесінен ажырап қалуларыңыз мүмкін", – деді АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент.
Туроператор аталған әуе компаниясының Қазақстандағы жергілікті сату агенті ретінде жұмыс істейді.
OFAC құжаттарында алматылық заңды тұлғаға қатысты "Secondary sanctions risk" деген белгі қойылған. Бұл компанияның санкциялық шектеулерге ұшырау қаупі бар екенін білдіреді.
Алматылық "Тур Инвест" компаниясы 2014 жылдан бері шағын кәсіпорын ретінде жұмыс істеп келеді. Компания штатында бес адамнан аз қызметкер бар. Ал бюджетке төлеген салық көлемі 18,2 миллион теңгеге жеткен. Adata деректеріне сәйкес, компанияның ресми тіркеу құжаттарында қызметтің бір ғана түрі – туроператорлық қызмет көрсетілген.
Кәсіпорынның екі құрылтайшысы бар:
- Ансар Дүйсенғалиев – сонымен қатар "Жетiсу" қонақүйі мен Crystal Bay Kazakhstan компаниясын басқарады. Екі кәсіпорын да жұмыс істемей тұрған ретінде белгіленген;
- Зиа Бабак Али – "Тур Инвест" компаниясының ортақ иесі әрі директоры. Сонымен қатар Қазақстандағы "Иран бизнес-орталығын" басқарады.