Қазақстандағы ең сирек түс: әлемдегі ең сұлу жылқылардың бірі туралы не белгілі?
Ақжан – Қазақстан жылқы шаруашылығының символы
Президент резиденциясының атқорасында жеті ахалтеке жылқысы бар. Олардың әрқайсысының өз аты, мінезі және ортақ шежіреде алатын орны бар.
Мұндағы асыл тұқымды желінің негізін алтын түстес құла айғыр Ганатлы қалаған. Дәл осы айғырдан атқораның ең танымал жылқысы – сирек кездесетін изабелла түсті Ақжан атты бие туған.
Ақжан осы атқорада дүниеге келген алғашқы құлын болғандықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оған ерекше ықыласпен қарайды және атын да өзі таңдаған.
Ақжанның енесі – қарақұла Табыс-Dacor биесі. Ол атақты қызымен салыстырғанда әлдеқайда сабырлы. 9 мамырда Табыс-Dacor тағы бір ұрғашы құлын туып, оған Бөрте деген ат берілді.
Атқорадағы екінші айғыр Мерварид бірден екі жас биенің – Бөрте мен Ақниеттің әкесі атанды. Ақниетті биыл наурыз айында Армита-Мид биесі құлындаған.
Ал Армита-Мидті атқорада жылқылар арасындағы нағыз көшбасшы санайды. Ол сабырлы әрі өзіне сенімді. Бұл жағынан мазасыздау әрі адаммен тез тіл табысатын Ақжаннан ерекшеленеді.
Соңғы айларда дәл осы Ақжан Қазақстаннан тыс жерлерге де кеңінен танылып, нағыз жұлдызға айналды. Оның суреттері отандық және шетелдік басылымдарда жарияланды. Тіпті Ақжан туралы Ұлыбританияның байырғы Country Life журналы да жазды.
Биенің басты ерекшелігі – өзгеше сыртқы келбеті. Оның ақшыл жүні күн сәулесіне шағылысып, металл тәрізді жылтырайды. Ал жаттығудан кейін жылқы терлеген кезде жүнінің арасынан нәзік қызғылт түсті терісі көрінеді.
Жеті жылқының күтіміне жаттықтырушылар, атбегілер мен ветеринарлардан құралған тұтас команда жауап береді. Олардың күн тәртібі сағат сайын жоспарланған.
Күн сайын жылқылар бір жарым-екі сағат жаттығады. Арнайы орында шомылдырылып, кептіріледі. Күніне үш рет азықтандырылып, рационына сәбіз, алма, бал және дәрумендік қоспалар енгізіледі.
Ал жас құлындарға әзірге ауыр жаттығулар жасатылмайды. Қазіргі басты міндет – олардың дұрыс өсіп, күш жинауы және адамға сенуді үйренуі.
Жылқылардың ақыл-ой қабілеті туралы не белгілі?
Кейде жылқыны тек әдемі әрі адамға бағынышты жануар ретінде қабылдап, оның ақыл-ой қабілетін жете бағаламай жатады. Алайда зерттеулер жылқылардың танымдық мүмкіндігі ғалымдарды әлі күнге дейін таңғалдырып келе жатқанын көрсетеді.
Жылқының ұзақ мерзімді есте сақтау қабілеті жақсы дамыған. Ол жүрген жолын, белгілі бір аумақты, тіпті бірнеше жыл бұрын кездескен адамдарды да есте сақтай алады.
Сассекс университетінің ғалымдары қызықты тәжірибе жүргізген. Олар бір топ жылқыға адамдардың әртүрлі эмоциядағы – қуанышты және ашулы кейіптегі үлкен фотосуреттерін көрсеткен.
Нәтижесінде жылқылардың адамның эмоциясын өз үйіріндегі жылқылардың көңіл күйін ажыратқандай тани алатыны белгілі болған. Оның үстіне, жылқы белгілі бір адамды неғұрлым жақсы таныса, оның көңіл күйін соғұрлым дәл аңғарады.
Бұл тұрғыда ахалтеке жылқылары ең сезімтал тұқымдардың бірі саналады. Олар адамның көңіл күйін өте нәзік сезеді және дөрекілік пен немқұрайдылықты басқа көптеген жылқы тұқымдарына қарағанда ауыр қабылдайды.
Неліктен елдер асыл тұқымды жылқылардың генетикалық қорын ерекше қорғайды?
Асыл тұқымды жылқы шаруашылығын ұлттық құндылық ретінде қарастыру тек Орталық Азияға ғана тән құбылыс емес.
Үндістан ондаған жыл бойы әйгілі марвари жылқысын шетелге шығаруға толық тыйым салып келді. Құлақтарының ұшы ішке қарай ерекше иілген бұл тұқымның саны онсыз да аз болғандықтан, билік жылқылар шетелге көптеп шығарылса, елдегі асыл тұқымды мал басы азайып кетеді деп қауіптенген.
Марвари жылқыларын экспорттауға тек 2000 жылы ішінара рұқсат берілді. Оның өзінде жылқылар аз мөлшерде және арнайы рұқсат арқылы ғана шетелге шығарылды.
Нидерландтағы фриз жылқысына қатысты да ұзақ уақыт бойы осыған ұқсас ұстаным болған. Ғасырлар бойы бұл тұқым туған жері Фрисландиядан көп шығарылмаған. Ал қан тазалығын сақтау мақсатында оны өсіру арнайы асыл тұқымды жылқылар кітабы арқылы қатаң бақылауда ұсталды.
Бүгінде фриз жылқылары әлемнің көптеген еліне экспортталады. Соған қарамастан, бұл тұқым әлі де Нидерландтың ұлттық құндылығы саналады және «Голландияның қара алтыны» деген атауын сақтап келеді.
Мұндай мысалдар асыл тұқымды жылқылардың жай ғана әдемі жануар емес, ел үшін маңызды ресурс екенін көрсетеді.
Қазақстан жылқы саны бойынша әлем көшбасшыларының қатарында
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының дерегіне сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан жылқы саны жағынан әлемде төртінші орынға шыққан және Орталық Азияда бірінші орынды сенімді түрде сақтап отыр.
Қазақстаннан алда тек Мексика, Бразилия және Моңғолия орналасқан. Ал Қытай мен Қырғызстандағы жылқы саны Қазақстанмен салыстырғанда едәуір аз.
Соңғы бес жыл ішінде Қазақстандағы жылқы саны шамамен жарты есеге артқан. Мал басы 3,1 миллионнан 4,6 миллионға дейін көбейіп, өсім қарқыны аймақтағы көрші елдерге қарағанда жоғары болып отыр.
Дегенмен қазіргі өсім қарқынының өзінде Қазақстанның ұмтылатын межесі бар. Әлемдік алғашқы үштікке кіру үшін әлі де бірнеше миллион жылқы көлеміндегі айырмашылық сақталып отыр.
Сондықтан ахалтеке секілді таза қанды асыл тұқымды желілерді сақтау және көбейту ауыл шаруашылығының басқа салаларын дамытудан кем емес маңызды міндетке айналып келеді.
Жай ғана дәстүр емес, стратегиялық ресурс
Қазақстан үшін жылқы ешқашан тек көлік қызметін атқарған жануар болған емес.
Қазақ даласында халық атпен көшіп-қонды, аң аулады, жауға шапты. Жылқы отбасының дәулетін көрсететін өлшемдердің бірі болды, адамдар арасындағы қарым-қатынас пен одақтарды нығайтуда да ерекше орын алды.
«Ат – ердің қанаты» деген қазақ мақалының бүгінге дейін айтылуы да жылқының ұлттық мәдениеттегі орнын аңғартады.
Алайда XXI ғасырда жылқы шаруашылығының маңызы дәстүр мен мәдениет аясынан шығып, экономикалық сипатқа да ие болып келеді.
Бұл – экспорттық әлеует, елдің генетикалық қоры және жеке бір саланы дамытуға мүмкіндік беретін ресурс.
Ал асыл тұқымды жылқылар Қазақстандағы бірегей асыл тұқымды табындардың сапасын жақсартып, отандық жылқы шаруашылығын жаңа деңгейге көтерудің негізіне айналуы мүмкін.