Әдеп нормасын бұзған Құрылтай депутаттары бір күндік жалақыларынан қағылуы мүмкін
Құрылтай төрағасының орынбасары Дәния Еспаева депутаттарға қатысты әдеп нормаларын түсіндірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Еспаеваның айтуынша, депутат әдеп нормаларын бұзса, оған ескерту жасалуы мүмкін. Одан басқа көпшілік алдында кешірім сұрату, Құрылтайдың бір немесе үш отырысында сөз сөйлеу құқығын шектеу, отырыстан шығару және бір күндік жалақысынан айыру қарастырылған.
Мұндай мәселелерді Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес қарайды. Сондай-ақ, депутат қызметтен тыс уақытта да өз мәртебесіне сай мінез-құлық нормаларын сақтауға тиістігі айтылды.
Сондай-ақ, депутат өз мәлімдемелері мен БАҚ-қа берген сұхбаттарында тек тексерілген әрі шынайы ақпарат ұсынуға міндетті. Дәлелденбеген ақпарат тарату да әдеп мәселесін қарауға негіз болуы мүмкін.
"Депутатқа қойылатын әдеп талаптары оның қай жерде жүргеніне қарамастан сақталуы тиіс. Ол жұмыс орнында болсын немесе қызметтен тыс жерде болсын, депутат мәртебесіне сәйкес мінез-құлық талаптарын ұстануы керек", – деді ол.