Тоқаев қазанда Қазақстан халқына Жолдауын жасайды
Мемлекет басшысы қазір еліміз тарихи өрлеу дәуіріне қадам басқанын жеткізіп, елде болып жатқан елеулі өзгерістерге тоқталды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазанда халыққа Жолдауын жариялайды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Біз біртұтас ел болып аса ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырдық. Барша жұртымызға, әсіресе, өскелең ұрпаққа бағдар беретін Конституциямызды қабылдадық. Әділетті, Күшті, Озық, Таза Қазақстанның берік негізін қаладық. Мұны ұлт тарихындағы нағыз бетбұрысты оқиға деп бағалауға болады. Конституция – халқымыздың темірқазығы, ел ішіндегі түбегейлі өзгерістерге тың серпін берген қастерлі құжат. Таяуда ғана Құрылтай сайлауы өтті. Құрылтайға кәсіби, іскер, жаңашыл азаматтар кірді. Олардың ішінде жастар да аз емес. Вице-Президент тағайындалды. Жаңартылған Үкімет жұмысына кірісті. Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты жасақталды. Көп ұзамай Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітіледі. Құрылтайдың келісімімен Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері тағайындалады. Осылайша, еліміздің негізгі мемлекеттік институттары толық жаңғыртылады. Бұл да – ауқымды реформаларымыздың өте маңызды бөлігі. Ал қазан айында мен Конституцияның 46-бабына сәйкес Қазақстан халқына Жолдауымды жасап, алдағы жоспарымызды айқындаймын", – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан халқына Жолдау - Президенттің жыл сайынғы үндеуі. Онда Мемлекет басшысы елдің алдағы кезеңдегі негізгі басымдықтары мен міндеттерін айқындайды. Әдетте Жолдаудың едәуір бөлігі экономикаға, әлеуметтік саясатқа, Үкіметтің жұмысына, өңірлерді дамытуға, заңнамалық өзгерістерге және мемлекеттік саясаттың басқа да бағыттарына арналады. Сондай-ақ Президент жаңа бастамалар көтеріп, мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар береді.
Кейінгі жылдары Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауды Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялап келді. Биыл Құрылтай - жаңа бір палаталы Парламенттің құрылуына байланысты оның алғашқы отырысы жұмысын бастау, төрағаны сайлау және басқа да мәселелерге арналады.
Жолдауды жариялау рәсіміне Парламент депутаттары мен орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысады. Қатысушылар құрамы өзгеріп отыруы мүмкін. Мәселен, 2025 жылы отырысқа Ұлттық құрылтай мүшелері, қоғам өкілдері мен еңбек ұжымдарының өкілдері де шақырылды.
Президенттің Жолдаудағы сөзі дәстүрлі түрде республикалық телеарналар мен ресми интернет-ресурстарда тікелей эфирде көрсетіледі.