Қазақстанда алдағы демалыс күндері жаңбыр болады
Қазақстанның солтүстік өңірлерінде жаңбыр жауады.
Алдағы демалыс күндері еліміздің кейбір өңірінде күн салқындай бастайды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Синоптиктердің мәліметінше, демалыс күндері Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады: жаңбыр жауып, кей жерлерде найзағай байқалады, жел күшейеді.
«Қазақстанның оңтүстігінде әзірге жылы ауа райы сақталады. Ал солтүстік өңірлерде жылы әрі ашық күндерден кейін ауа температурасы айтарлықтай салқындап, жаңбыр жауады, кей жерлерде қатты жаңбыр күтіледі және жел күшейеді. Сонымен қатар, еліміздің батысында ауа райы біртіндеп тұрақтанады: жаңбыр тоқтап, ауа температурасы жоғарылай бастайды», – делінген «Қазгидромет» болжамында.
Күндізгі ауа температурасы солтүстікте +13+20°С-қа, орталық өңірлерде +15+25 °С-қа дейін төмендейді.
Батыс өңірлерде ауа температурасының біртіндеп +20+30°С-қа дейін жоғарылауы күтіледі.