Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"113 млн теңгеге дейін": Қазақстанның ұлттық компанияларындағы топ-менеджерлердің табысы белгілі болды

"113 млн теңгеге дейін": Қазақстанның ұлттық компанияларындағы топ-менеджерлердің табысы белгілі болды
Сурет: nur.kz
Ұлттық компаниялардың топ-менеджерлері қанша табыс табатыны және төлем мөлшері бойынша қай ұйымдар көш бастап тұрғаны анықталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Finprom сарапшыларының есебіне сәйкес, қазіргі таңда Қазақстанда 22 ұлттық компания жұмыс істейді. Олардың қатарында ұлттық басқарушы холдингтер мен ұлттық холдингтер бар.

2025 жылы атқарушы орган мүшелеріне ең көп жиынтық сыйақы төлеген ұйым – "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы. Олар 903,3 млн теңге бөлген.

Сыйақының жалпы сомасы бойынша келесі орындарда "Қазақстан темір жолы" (721,3 млн теңге) және "ҚазМұнайГаз" (519,1 млн теңге) тұр.

Атқарушы орган мүшелеріне төленетін төлемдер бойынша үздік ондыққа, сондай-ақ мына компаниялар енді:

QazaqGaz – 515,2 млн теңге,

"Қазақтелеком" – 504,1 млн теңге,

KEGOC – 496,3 млн теңге,

"Бәйтерек" ҰБХ – 440,4 млн теңге,

"Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі" – 283,3 млн теңге,

"Ұлттық ақпараттық технологиялар" ("ҰАТ") – 188,4 млн теңге,

"Тау-Кен Самұрық" – 170,9 млн теңге.

Сарапшылар әр ұлттық компаниядағы атқарушы орган мүшелерінің саны әр түрлі екенін атап өтті. Бір компанияда мүшелер саны біреу болса, екіншісінде 10-нан асады. Сыйақы туралы ақпарат жалпы соманы білдіреді.

"Атқарушы орган мүшелеріне төленетін сыйақы сомасы барлық дерлік (ақпарат бар) ұлттық компанияда өсті. Төлемдердің қысқаруы тек төрт компанияда байқалды. Олар: "Қазақтелеком" (минус 130,5 млн теңге), "Қазақстан Ғарыш Сапары" (минус 69,2 млн теңге), "Қазпошта" (минус 26,7 млн теңге) және Kazakh Tourism (минус 6,2 млн теңге)", - делінген хабарламада.

Сыйақы сомасының ең жоғары өсімі нарық көшбасшысы "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясында тіркелді. Ол бір жылда 226,7 млн теңгеге немесе 33,5 пайызға артты. Сондай-ақ QazaqGaz (94,5 млн теңгеге немесе 22,5 пайызға) және "ҰАТ" (86,9 млн теңгеге немесе 85,7 пайызға) компаниялары да төлемдерді айтарлықтай көбейтті.

2025 жылы атқарушы органның бір мүшесіне орташа есеппен ең көп төлем жасағандар:

"Қазатомөнеркәсіп" – 112,9 млн теңге,

KEGOC – 99,3 млн теңге,

"Бәйтерек" ҰБХ – 62,9 млн теңге,

"ҚазМұнайГаз" – 57,7 млн теңге,

"Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі" – 56,7 млн теңге.

Ұлттық компаниялар бойынша атқарушы органның бір мүшесіне келетін орташа сыйақы мөлшері 7,8 млн теңгеден 112,9 млн теңгеге дейінгі аралықта болды. Бұл көрсеткіштер арасындағы айырмашылық 15 есеге жуық.

Яғни бір компанияда топ-менеджер айына 9 млн теңгеден астам алса, екіншісінде 500 мың теңгеден сәл ғана асады. Жалпы алғанда, 22 ұлттық компанияның 13-інде атқарушы органның бір мүшесіне келетін орташа айлық сыйақы 2 млн теңгеден асты.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар