Қоғам

Алтын және күміс: алматылық оқушы халықаралық олимпиадаларда екі бірдей медаль жеңіп алды

Софья Желтова халықаралық деңгейдегі екі бірдей биология олимпиадасында топ жарып, Қазақстан қоржынына алтын және күміс медаль салды.

Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Софья Желтова халықаралық деңгейдегі екі бірдей биология олимпиадасында топ жарып, Қазақстан қоржынына алтын және күміс медаль салды, деп хабарлайды KYN.KZ.

NIS Алматы-Медеу мектебінде білім алатын Софья Желтова 2026 жылы жас биологтар арасындағы екі ірі халықаралық додада ел намысын қорғады.

Ол Ресей Федерациясының «Сириус» федералды аумағында ұйымдастырылған Open International Biology Olympiad (OIBO-2026) сайысында алтын медаль иеленді. Бұл білім додасына әлемнің 17 елінен 100-ден астам жас биолог қатысқан.

Софья мұнымен тоқтаған жоқ. Кейін Литваның Вильнюс қаласында өткен 37-ші International Biology Olympiad (IBO-2026) олимпиадасында да жоғары нәтиже көрсетіп, күміс медальға қол жеткізді.

Халықаралық биология олимпиадасында қатысушылардың тек теориялық білімі ғана емес, күрделі практикалық тапсырмаларды орындау, зертханалық жұмыс жүргізу және ғылыми тұрғыдан ойлау қабілеті де сыналады.

Софьяның халықаралық аренадағы жетістігі ұзақ уақыт бойы жүргізілген жүйелі дайындықтың нәтижесі. Оқушының олимпиадаға әзірлігіне ұстаздары мен тәлімгерлері де атсалысқан.

Айта кетейік, 2026 жылғы 24 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадаларында жеңімпаз және жүлдегер атанған қазақстандық оқушылармен Ақордада кездесті. Жиынға дарынды жастармен бірге олардың ұстаздары мен тәлімгерлері де қатысты.

Президент халықаралық білім додаларында ел намысын қорғаған оқушыларды жетістіктерімен құттықтап, олардың Қазақстанның абыройын арттыруға қосып жүрген үлесін атап өтті.

Софья Желтованың екі халықаралық олимпиададағы нәтижесі де қазақстандық оқушылардың әлемнің үздік жас ғалымдарымен бәсекеге түсе алатынын көрсететін жетістіктердің бірі болды.