Қоғам

Алматы тау кластері: табиғатқа барынша аз әсер ете отырып инфрақұрылымды дамыту

Жоба аясында табиғи аумаққа түсетін әсер жергілікті сипатта болады және Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өте аз бөлігін ғана қамтиды.

Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жалпы аумағы 200 мың гектардан асады. Ал Алматы тау кластерін іске асыру барысында қамтылатын аумақ ұлттық парктің жалпы көлемінің небәрі 0,049%-ын құрайды.

Яғни әңгіме ұлттық парк аумағын ауқымды игеру туралы емес, тек жекелеген шектеулі учаскелерге қатысты болып отыр. Инфрақұрылымды жобалау кезінде аумақтың табиғи ерекшеліктері, қазіргі жүктеме және қоршаған ортаға әсерді барынша азайту қажеттілігі ескеріледі.

Жасыл қорды сақтау және қалпына келтіру мәселесіне де ерекше назар аударылады. Заңнама талаптарына сәйкес, жоба әсер ететін жасыл желектердің орнына өтемдік ағаш отырғызу қарастырылған. Қалпына келтіру жұмыстары инфрақұрылымдық шешімдерді жүзеге асыру барысында кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Сонымен қатар тау кластері тек аспалы жолдар мен тау шаңғысы трассаларынан тұрмайды. Бұл — қауіпсіз бағыттарды, заманауи инфрақұрылымды, инженерлік қамтамасыз етуді, экологиялық шешімдерді және тауға жыл бойы баруға мүмкіндік беретін жағдайларды қамтитын тұтас тау туризмі жүйесін қалыптастыру.

Мұндай тәсіл жекелеген нысандарды әр бөлек дамытудан бас тартып, тау аумағын жүйелі басқаруға көшуге мүмкіндік береді. Бұл ретте инфрақұрылымдық шешімдер табиғи ерекшеліктер мен ландшафтты сақтау қажеттілігі ескеріле отырып жоспарланады.

Таулы аумақтарды дамыту адамдар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуы тиіс, алайда бұл таулардың табиғи құндылығына нұқсан келтірмеуі керек. Алматы тау кластерінің тұжырымдамасы дәл осы қағидаға негізделген.