Қоғам

Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы қатынастар сапалық тұрғыдан жаңа кезеңге өтті

Қазақстан Кореяны технология, инвестиция және өндірістік жаңғырудың маңызды көзі ретінде қарастырса, Сеул елімізді орнықты институттары қалыптасқан, өзара бірлескен өндіріс аясын кеңейту әлеуеті зор, Орталық Азия нарығына жол ашатын сенімді серіктес ретінде қабылдайды.

2009 жылы стратегиялық серіктестік орнатқан екі мемлекет енді байланыстарын болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерді. Жаңа дипломатиялық мәртебе ынтымақтастық ауқымының кеңейгенін және екі елдің ұзақмерзімді мүдделері өзара тоғысып келе жатқанын білдіреді.

Қазақ-корей қатынастарының басты ерекшелігі оның қандай да бір геосаяси бірлестік не үшінші мемлекетке қарсы бағытталмауы. Бұл кез келген геосаяси текетіреске араласпай-ақ, өзара мүддені мойындау және прагматикалық шешімдер негізінде терең ынтымақтастық орнатуға болатынын көрсететін жарқын мысал.

Сапардың экономикалық мазмұны да жаңа мәртебеге сай. Келіссөздер барысында құны 19 млрд. доллар болатын коммерциялық келісімдерге қол қойылып, энергетика, ғылым, еңбек ресурстары, зияткерлік меншік, инфрақұрылым, көлік және мәдениет салаларын қамтитын ведомствоаралық құжаттар алмастырылды. Осылайша, саяси сенім нақты жоба, инвестиция мен технологиялық кооперацияға ұласып отыр.

Меніңше, қабылданған құжаттардың ішінде атом энергетикасына қатысты екі келісімнің орны ерекше. Біріншісіне ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен КР Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрлігі, екіншісіне Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Кореяның Климат, энергетика және қоршаған орта министрлігі қол қойды. Екі құжат та атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Жалпы, Корей тарапынан екі бірдей профильді ведомствоның қатысуы атом энергетикасының өндіріс пен технологияны ғана қамтымай, экология, климаттық саясат және энергетикалық қауіпсіздікпен өзара байланыста қарастырылып отырғанын көрсетеді.

Бағыттың нақты экономикалық және технологиялық негізі де бар. Кореяда жалпы қуаты шамамен 25,6 гигаватт болатын 26 атом реакторы жұмыс істейді. Атом энергетикасы елдегі электр энергиясының үштен біріне жуығын өндіреді. KHNP компаниясының дерегі бойынша, 2025 жылы оның нысандары Кореядағы бүкіл электр энергиясының 32 пайыздан астамын қамтамасыз еткен. Сондықтан кезінде корей тарапының Қазақстандағы атом электр стансасын салуға қызығушылық білдіруі кездейсоқ емес. 

Яки екі елдің мүмкіндіктері бірін-бірі толықтыруда. Қазақстан 2025 жылы шамамен 25,8 мың тонна уран өндіріп, әлемдік өндірістің 40 пайызға жуығын қамтамасыз етті. Еліміз Кореяға табиғи уранды 2005 жылдан бастап жеткізіп келеді. Корея өз кезегінде реакторларды жобалау, салу және пайдалану, қауіпсіздік жүйелерін енгізу мен мамандар даярлау саласында мол тәжірибе жинақтаған. Демек, ықпалдастық ядролық отын циклі, ғылыми зерттеулер, жабдық өндірісі, цифрлық басқару жүйелері, радиациялық қауіпсіздік және кадр даярлау бағыттарында жақын арада ілгерлеуі мүмкін.

Оған қоса Корей түбегіндегі ядролық мәселенің әлі толық шешілмеуі де бұл қадамның саяси маңызын арттыра түсуде. Әскери ядролық бағдарламалар мен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бөлек құқықтық және саяси кеңістіктерге жатады. Қазақстанның ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту тәжірибесі, Корея Республикасының түбектегі мәселені бейбіт жолмен реттеуге ұмтылысы және екі елдің Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік талаптарын ұстануы жауапты әрі сенімге негізделген ынтымақтастыққа берік негіз қалыптастырады. Бұ тұрғыда Қазақстан бейбіт атом мен ядролық қаруды таратпау қағидаттарын өзара үйлестіре алатын бірегей серіктес саналады.

Қазақстан үшін түпкі нәтиже инвестиция көлемімен қатар, елде қалатын технология, инженерлік құзырет, өндірістік база және білікті мамандар. Басты мақсат толыққанды атом өнеркәсібінің ғылыми, инженерлік және өндірістік экожүйесін қалыптастыру. Қазақстанның атом технологияларын толық меңгерген мемлекетке өтуіне ықпал ету – қазақ-корей жан-жақты стратегиялық серіктестігінің ең нақты әрі маңызды нәтижелерінің бірі болмақ.