Қазақстанда алдағы үш күнде +32 градусқа дейін ыстық болады
"Қазгидромет" синоптиктері 19, 20 және 21 қыркүйекке арналған ауа райы болжамын ұсынды. Республиканың солтүстік-батысында, кейін солтүстігінде жауын-шашын тоқтап, ауа температурасы көтеріледі, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Болжамға сәйкес оңтүстік пен оңтүстік-шығыста найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Солтүстік-батыста жауын-шашын тоқтап, кейін бұл үрдіс Қазақстанның солтүстігінде жалғасады. Сонымен қатар ауа температурасы жоғарылайды.
Республиканың батысында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Күндіз елдің солтүстігінде ауа температурасы +17...+25 градусқа дейін, орталық және батыс өңірлерде +20...+28 градусқа дейін көтеріледі. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста бұдан да жылы болады: мұнда термометр бағаны +27...+32 градусқа дейін жетеді.
Еліміздің солтүстік пен оңтүстік-шығыстың кей жерлерінде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды және жел күшейеді деп болжанады.