Қоғам

Қоғамдық негізде – Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелеріне жалақы төленбейді

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері жалақы ала ма – ҚХК-ның ресми түсіндірмесі.

«Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңның 14-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Халық Кеңесі мүшелерінің қызметі тек қоғамдық негізде жүзеге асырылады. Олар депутаттар немесе мемлекеттік қызметшілер болып табылмайды және өз міндеттерін өтеусіз негізде атқарады.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері – мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің, қоғамдық және этномәдени бірлестіктердің өкілдері. Олар консультациялар мен сараптамалық бағалау арқылы қоғам үшін маңызды бастамаларды іске асыруға ықпал етеді.

Осыған байланысты Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелеріне мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жалақы төленбейді.

Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы мен оның Секретариатын бір мезгілде басқаратын орынбасарының мәртебесі бөлек белгіленген.

Конституциялық заңға сәйкес, Төраға Қазақстан Халық Кеңесінің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, нормативтік құжаттарды бекітеді және өзге де стратегиялық өкілеттіктерді орындайды.

Осыған байланысты Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы мен Секретариат басшысы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғалар болып табылады және тұрақты негізде жұмыс істейді.

Олардың қызметі мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен – мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу тәртібіне ұқсас түрде қаржыландырылады.

Сонымен қатар бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Халық Кеңесі Секретариаты қызметкерлерінің де қызметі төленеді. Олар Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысын ұйымдастырушылық, сараптамалық-талдамалық және ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ететін мемлекеттік қызметшілер болып табылады.