Басты жаңалықтар

Қарағанды облысында жоқ тұқым мен техникаға жүздеген миллион “жұмсалған“

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті "Кең Дала 2" бағдарламасы аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бөлінген несие қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

 Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2025 жылдың мамыр айында "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ филиалы мен "Рашан" ЖШС арасында айналым қаражатын толықтыруға арналған қарыз шарты жасалған. "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ шарт бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік берген.

"Шарт талаптарына сәйкес, "Рашан" ЖШС шотына 300 миллион теңге көлемінде қарыз қаражаты аударылды. Кейіннен алынған қаражат егіс науқанына жұмсалатын шығындарды төлеу желеуімен екі ЖШС арасында бөліске салынған. Атап айтқанда, тұқым сатып алу үшін шамамен 148 миллион теңге, ал ауыл шаруашылығы техникасын жалдауға, соның ішінде жанар-жағармай мен еңбекақы шығындарына тағы 152 миллион теңге аударылған", – деп хабарлады ведомство.

Сонымен қатар ведомство іс жүзінде тұқымның сатып алынбағанын, техниканың жалға алынбағанын және мәлімделген жер телімдерінде ауыл шаруашылығы дақылдарының егілмегенін анықтады.

"Рашан" ЖШС директоры күдікті деп танылды. Соттың санкциясымен оның активтеріне тыйым салынды", – деп нақтылады ведомство өкілдері.

Бұдан бөлек, ҚМА тергеу амалдарының жалғасып жатқанын хабарлады. Ведомство ақпаратынша, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етуге жатпайды.