"Тілін қатты тістеп алған": Шымкентте мұғалім терезе жуып жатып орындықтап құлап кеткен
Шымкенттегі Мағжан Жұмабаев атындағы №39 мектепте биология пәнінен сабақ беретін мұғалім Нұргүл Жаңғылбаева жұмыс уақытында терезе жуып жүріп құлап қалған.
Мұғалім құзыретіне кірмейтін жұмыстармен айналысуға мектеп басшылығы мәжбүрлегенін айтып, бірнеше мекемеге шағымданған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Мұғалімнің айтуынша, оған директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары тапсырма берген, Осылайша, 6 тамыз күні ол өз кабинетінің терезесін жуып тұрғанда, орындықтан аяғы тайып кетіп, жерге құлаған. Өкінішке қарай, мұғалімнің басы жараланып, тілін қатты тістеп алған. Осы келеңсіз жағдайдың видеосы кабинеттегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Жанғабылованың сөзінше, жедел жәрдем қызметкерлері оны ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер тексеріп, бірнеше күн стационарда ем қабылдау қажеттігін айтқан.
«Жедел жәрдем мамандары мені тастап кетпейміз деп, ауруханаға алып кетті. Ауруханада дәрігерлер тексерді. Жатпасаң болмайды деп, мені жатқызып қойды. Бастан жеңіл жарақат алғанмын. Белімдегі сүйегімді қатты ауыртып алдым», – деді мұғалім.
Ол ауруханада бес күн жатып емделген. Мұғалімнің айтуынша, жарақат алғаннан кейін мектеп басшылығы жағдайын сұрап, хабарласпаған. Осыдан кейін ол бірнеше мекемеге шағым түсірген.
«Менің талабым – заң жүзінде жауап берсе деймін. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары заң жүзінде жауап берсін. Өйткені кабинетті жуып, сырлау менің міндетім емес», – деді Нұргүл Жанңғылбаева.
Мұғалімнің сөзін оның әріптесі Майра Тұрдықұлова да растады. Оның айтуынша, мектеп басшылығы расымен де мұғалімдерге міндетіне кірмейтін жұмыстарды тапсырған.
Осы мәселеге қатысты Шымкент қаласының Білім басқармасынанан ресми комментарий сұратқан едік. Басқарманың мәліметінше, №39 мектептің материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету және қажетті жұмыстарды жүргізу үшін тиісті бюджет қаражаты бөлінген. Қаражат қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленген мақсаттарға жұмсалады.
Білім басқармасы педагогтерді кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға болмайтынын атап өтті.
«Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» заңының 6-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, педагогтерді олардың кәсіптік міндеттеріне байланысты емес жұмыстарға тартуға жол берілмейді», – деді басқарма.
Ведомствоның хабарлауынша, Нұргүл Жанғабылованың арызы бойынша мектеп директорына қатысты еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеу фактісі бойынша қызметтік тексеру жүріп жатыр. Ал қызметкерлерге еңбек қауіпсіздігі талаптарын тиісті деңгейде түсіндірмегені үшін мектеп директорының орынбасары Т. Күзумбаеваға тәртіптік жаза қолданылған.
Қазіргі уақытта Нұргүл Жанғабылова штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр.
Осы мәселеге қатысты Шымкент қалалық полиция департаментімен де байланыстық. Алайда ведомство өкілі бұл жағдайға байланысты іс қолғалмағанын, себебі мұғалімнің өзі құлап қалғанын түсіндірді.