Қоғам

Астанада апалы-сіңлілі екі әйелге жұбайларымен бірге притон ұйымдастырды деген айып тағылды

Астанада апалы-сіңлілі екі әйелге және олардың жұбайларына  15 адамға притон ұйымдастыруға қатысы бар деген айып тағылды. Тергеп-тексеру аяқталды, қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бас прокуратура мәліметінше, тергеу барысында 2023 жылдан 2025 жылға дейін апалы-сіңлілі әйелдер өз жұбайларымен бірге тұрғын үй кешендерінде жыныстық қызмет көрсету үшін притон ұйымдастырғаны анықталды.

Ұйымдасқан қылмыстық топ құрамына күзетшілер, әкімшілер, сондай-ақ, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы осы қызметті жарнамалаумен айналысқан адамдар кірген.

" Ұйымдастырушылар қаладағы түнгі клубтардан қыздарды іздеп, оларға жоғары табыс, тұрғылықты үй, қауіпсіздік және құпиялылықты қамтамасыз етуге уәде берген", - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек олар клиенттердің алкогольге мас күйде болғанын пайдаланып, оларға күш қолданып, ақшалай қаражаттарын бопсалаған, сондай-ақ оларды жалға алынған пәтерлерде заңсыз ұстаған деген күдікке ілінген.

Барлық 15 адам ұсталып, оларға қатысты күзетпен ұстау және үйқамақ түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылған.

Елорда прокуратурасы қылмыстық істі сотқа жолдады.

Айыпталушылардың әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға сот отырысы барысында беріледі.