"Тротуарда самокатпен жүргендерді суретке түсіріп, бізге жіберіңіздер": ІІМ қазақстандықтарға үндеу жасады
Полиция қазақстандықтарды электрсамокат пен электрвелосипед тізгіндегендердің заңбұзушылықтарын суретке түсіріп, полицияға жіберуге шақырды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Полицейдің сөзінше, жасөспірімдер мен көптеген курьер әлі де ереже бұзып жүр.
"Біз мұны көріп отырмыз және ретке келтіреміз, бірақ бұл үшін бірлесе күш салу қажет. Суретке түсіріп, бізге жіберіңіздер - бұған әркімнің құқығы бар", - деді Игорь Лепеха Үкіметтегі брифингте.
Оның айтуынша, электрвелосипед мопедке теңестірілген, сондықтан онымен тротуар және жаяу жүргіншілер өткелінде жүруге тыйым салынады. Ереже бұзғандар жауапкершілікке тартылады.
"Шамамен 30 мың электрсамокаттың 10 мыңға жуығы айыптұрақта тұр және пайдаланылмайды. Бұл қазірдің өзінде жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне оң әсерін тигізіп жатыр", - деп атап өтті ол.