Каспийдегі жаттығу кезінде әскерилер теңізге ағып кетті: 9 адам қаза тапты
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:32
- 56
Алдын ала мәлімет бойынша, теңізге 19 әскери қызметші ағып кеткен. Қазіргі уақытта 9 әскери қызметшінің қаза тапқаны тіркелді. Үш адам құтқарылды, оның ішінде біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Оқиға орнына шұғыл түрде құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары жіберілді.
"24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында метеорологиялық жағдайдың күрт нашарлауы мен желдің күшеюіне байланысты әскери қызметшілерді теңізге ағызып әкеткенін қайғыра отырып хабарлаймыз", - делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Іздестіру-құтқару операциясына Әскери-теңіз күштері, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды. Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнына министр Дәурен Қосанов бастаған Қорғаныс министрлігінің комиссиясы шұғыл аттанды.
"Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетіледі. Іздестіру операциясының барысы мен әскери қызметшілердің жағдайы туралы қосымша ақпарат деректердің түсуі мен расталуына қарай берілетін болады. Тек Қорғаныс министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына сенуіңізді сұраймыз", - деп толықтырды ведомство.




