Басты жаңалықтар

"Ешкімге "сен кінәлісің" деп айтпаймын": Ұлдана Мырзуанның анасы сотта МИБ төрағасын бас бостандығынан айырмауды сұрады

Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотта марқұмның анасы Сәлима Ешенқұлова-Омарова сотталушыға бас бостандығынан айырмауды сұрады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Ұлдананың анасы көзіне жас алып, арада бір жыл өтсе де әлі өзіне келе алмай жүргенін айтты. Ол сотқа кек алу немесе материалдық өтемақы өндіріп алу үшін келмегенін жеткізді.

"Мен ешкімге "сен кінәлісің" деп айтқан емеспін және айтпаймын да. Сондай-ақ мен бұл жерде моральдық өтемақы талап ету үшін тұрған жоқпын. Талап етпеймін де. Ақша маған Ұлданамды қайтарып бермейді. Ешқандай өтемақы оның күлкісін, дауысын және құшағын қайтара алмайды. Мен Ұлданамның өмірін ақшамен өлшемеймін. Мен тек шындық пен әділдікті сұраймын", - деді әйел.

Сәлима Ешенқұлова-Омарова соттан оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, оған құқықтық баға беруді сұрады. Сәуле Жұбаниязованы алдын ала айыптауды дұрыс көрмейтінін және соттан айыпталушының екі баласы барын ескеруді сұрады.

"Сәуле Жұбаниязова - жалғызбасты ана. Мен де анамын. Оның екі баласы бар. Ол да ана, мен де анамын. Оның балалары бар. Алланың қалауымен, тағдырдың жазуымен мен қызымнан айырылдым, бірақ Сәуле Жұбаниязованың көзі тірісінде балаларынан ажырағанын, балаларының анасыз қалғанын қаламаймын", - деді Сәлима Ешенқұлова-Омарова.

Ұлдананың анасы сотталушыға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады:

"Соттан Сәуле Жұбаниязоваға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауды және бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазамен шектелуді сұраймын. Сот шешімі қандай болса да, ол халықтың үні мен қалауы ескеріле отырып қабылданғанын қалаймын. Кім кінәлі болса - заң алдында жауап берсін. Кім кінәсіз болса - оны заң қорғасын. Әділдік - бұл тек біреуді жазалау емес, әділдік - әркімнің іс-әрекетіне заңды баға берілуі. Мен үшін Ұлдана қасымда болмаса да, ол мәңгі жүрегімде тірі болып қалады", - дейді ол.