Қоғам

Тоқаев Қазақстанда 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту деп жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери қызметшілердің қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 2026 жылғы 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

Бұған дейін Президент Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтқаны хабарланған болатын.

Мемлекет басшысы Үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмек көрсетуді тапсырды.

Еске сала кетейік, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында метеорологиялық жағдайдың күрт нашарлауы мен желдің күшеюіне байланысты әскери қызметшілерді теңізге ағызып әкеткені хабарланды.

Алдын ала мәлімет бойынша, теңізге 19 әскери қызметші ағып кеткен. Қазіргі уақытта 9 әскери қызметшінің қаза тапқаны тіркелді. Үш адам құтқарылды, оның ішінде біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жүріп жатыр.

Маңғыстау облысында оқу-жаттығу өткізу барысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру үшін үкіметтік комиссия құрылды. Оның құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ Шекара қызметінің өкілдері кірді.

Бұдан бөлек, Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Әзербайжан СІМ қайғылы жағдайға байланысты терең қайғыратынын білдіріп, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына, сондай-ақ Қазақстан халқы мен үкіметіне қолдау сөздерін жолдады. Сонымент қатар Әзербайжан тарапы қазіргі уақытта хабар-ошарсыз кеткендер тізіміндегі әскери қызметшілердің аман табылуына үміт білдіріп, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.

Каспийде қазақстандық әскерилер қаза болды: оқу-жаттығу туралы не белгілі?

Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан екі күн бұрын Қазақстанның Қорғаныс министрлігі "Хазар қорғаны-2026" әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы басталғанын хабарлаған. Ведомство іс-шараның ауқымы, мақсаты мен қатысушылар құрамы туралы айтқан болатын.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқу-жаттығу стратегиялық командалық-штабтық бірыңғай жоспар аясында Каспий теңізінің қазақстандық секторында өтіп жатыр. Оған Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, 1-дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков жетекшілік етеді.

Оқу-жаттығуға Әскери-теңіз күштері мен оларға бағынысты бөлімшелердің 500-ден астам әскери қызметшісі, әскери кемелердің экипаждары мен жағалау бөлімшелері қатысып жатыр.

Сондай-ақ маневрлерге ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша Жағалау күзеті мен Қазақстан Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің күштері мен құралдары тартылды.

"Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – жеке құрамның кәсіби даярлығын жетілдіру, экипаждардың жауынгерлік әзірлік деңгейін арттыру және белгіленген міндеттерді орындау барысында күштер мен құралдардың өзара іс-қимылын пысықтау", - делінген хабарламада.

Каспийдегі қайғылы оқиға 11 жылдан кейін қайталанды: 2015 жылғы жаттығуда не болды?

Ақтауда Каспий теңізіндегі әскери жаттығу кезінде бүгін, 24 қыркүйекте тоғыз әскери қызметшінің қаза табуы осыдан 11 жыл бұрын Каспийде болған тағы бір қайғылы оқиғаны еске түсірді. 2015 жылғы 18 қыркүйекте "Орталық-2015" оқу-жаттығуы кезінде теңізге төрт әскери қызметші батып кеткен болатын.