Қоғам

Каспий теңізінен тағы екі әскери қызметшінің денесі табылды: қаза тапқандар саны 14 адамға жетті

Қорғаныс министрлігі Каспий теңізінің айдынында іздестіру операциясы аяқталғанын хабарлады.

Маңғыстау облысында кеше жаттығу кезінде Каспий теңізіне ағып кеткен тағы екі әскери қызметшінің денесі табылды. Қаза тапқандар саны 14 адамға жетті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Бастапқыда теңізге 19 әскери қызметші ағып кеткені хабарланған болатын. Кейін Маңғыстау облысының әкімдігі мәліметті нақтылап, 17 адам екенін айтты. Үш адам құтқарылды. Құтқарылғандардың бірі ауруханада жатыр.

"Бүгін, 25 қыркүйекте сағат 09:15 шамасында үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары барысында бұған дейін жоғалған екі әскери қызметші - сержант Мансұр Ғұмаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денесі табылды", - делінген таратылған хабарламада.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштерінің басшылығы мен жеке құрамы қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып, шын жүректен көңіл айтады. Қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті жан-жақты, материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі.