Басты жаңалықтар

Астанада әйелді бұрынғы күйеуі пышақтап өлтірді: марқұмның туыстары күдіктінің бұған дейін де қастандық жасағанын мәлімдеді

Марқұм Жазира Адауова бұған дейін де тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың құрбаны екенін айтып, полицияға бірнеше рет шағымданған. Әйелдің туыстары марқұмның жанайқайын елеусіз қалдырды деп зар жылап отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Қанды оқиға кеше кешкісін сағат сегіз шамасында болды. Әйел көлігін тұраққа қоймақшы болған, сол кезде жақын маңда оны аңдып отырған бұрынғы күйеуі жүгіріп келіп, көлігін ашып, рөлде отырған әйелді бірнеше рет пышақтайды. Ауыр жарақаттардан әйел көз жұмған. Бұл жерден қанның іздерін тазалаған.

Жантүршігерлік оқиға бейнекамераға түсіп қалған. Күдікті қылмыс жасағаннан кейін оқиға орнынан ізін суытқан. Жақындарының айтуынша, ол Жазираның бұрынғы күйеуі екен. Тіпті, осыған дейін келіншектің артынан әлсін-әлсін аңдып, қоқан-лоқы көрсеткен дейді.

“Бір күні қарындасым есіктің алдына шыққан кезде, қолында телефон, ештеңе жоқ, шығарып алып, машинасына отырғызып алып, сөйлесейік деп, қаланың шетіне апарып ұрған, қылқындырған. Сол күні ішіп алып, мас күйінде жүргені үшін полицияға хабарласқаннан кейін ұсталды. 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулікке жабылды. Ол машинаны мас күйінде айдағаны үшін жазасын өтеді. 15 күн отырып шықты. Ал оған дейін отбасында зорлық зомбылық көрсеткені үшін ешқандай жазаға тартылған жоқ”, – дейді марқұмның ағасы Елнұр Адауов.

Осы уақытқа дейін Жазира отбасындағы зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтып, екі-үш мәрте полицияға шағымданған. Алайда орган өкілдері іске бейжай қарап, бұрынғы күйеуін құрықтамаған дейді. 

“7 қыркүйек күні пышақ ала келген. Жұмысқа барайын деп жатқан кезде, машинасын оталдырып жатқан кезде кіріп көліктің салонына келген, сол кезде көршілер шығып, араша түсіп, кейін қашып кеткен, пышағын тастап. Ол кезде де полицияға шағым берген, осылай осылай деп. Бұрын ол полицияда істеген, жұмыстан шықаннына осы екі-үш ай болды”, – дейді Жазираның әкесі Әзімбек Бірімқұлов.

Күдікті оқиғадан кейін көп ұзамай қолға түсті. 33 жастағы теміртаулық азаматтың марқұммен отасқандарына 10 жылдан асқан. Алайда соңғы уақытта арада кикілжің көбейіп, заңды түрде ажырасыпты. Енді келіншектің артында зар жылап екі баласы қалды.

“Құрметті елорда тұрғындары, әлеуметтік желіде Астана қаласында болған, әйел адамның қаза болуына қатысты ақпарат таратылуда. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу ерекше бақылауға алынды”, – дейді Астана қаласы ПД бастығының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдин.

Кісі қолынан қаза тапқан Жазира Адауованың денесін қазір мәйітханада экспертизадан өткізіп жатыр. Сол маңды торуылдаған ет-жақындары кешелі бері сараптама қортындысын күтуде. Ал бірсігүні марқұмды туған жері Теміртауда жер қойнына тапсырады.

Бұған дейін Астанада тұрғын үй кешен алдында әйелді бұрынғы күйеуі 16 жерінен пышақтап кеткені туралы ақпарат тараған болатын.