Каспий теңізінде қаза тапқан үш сарбаздың денелері Оралға жеткізілді
Каспий теңізінде қаза тапқан үш сарбаздың денесі Оралға арнайы рейспен жеткізілді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, 25 қыркүйек күні сағат 08:45-те Орал қаласының әуежайына Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілер Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Ғилаждың денесі арнайы рейспен жеткізілді.
Қаза тапқан әскери қызметшілермен қоштасу және оларды жерлеу рәсімі 26 қыркүйекте өтеді.
«Қаза тапқан әскери қызметшілерді ақтық сапарға шығарып салу және жерлеу рәсімдері 26 қыркүйек күні өтеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаза тапқандардың отбасыларына жергілікті атқарушы органдар тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, бұл іске бизнес өкілдері де атсалысады. Жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр», – делінген хабарламада.
Аталған жағдай облыс әкімінің тікелей бақылауында.